423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада қалаішілік 600 қоғамдық көлік желіге шықты

  • 211
  • UPD: 16:09, 03.08.2020

Бүгін елордада қоғамдық көлік қала ішінде жұмысын жандандырды, хабарлайды «Хабар 24».

Бір айға жуық уақыт автобус жүрмеген еді. Барлық санитарлық талаптарды сақтау керек. Автобус іші 50%-ке ғана толуы шарт.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

- Қаладағы қоғамдық көлік жұмысы қайта жанданды. Тек осы жолы алдыңғы қателіктерді қайталамау керек. Автобус тізгіндеуші көлік ішін 50% қана сыйымдылыққа ғана толтыруы шарт. Жолға тек қаланың ішінде жүретін бағыттар шығады. Ал шеткері аймақтарға қатынайтын маршруттар әзірге тоқтап тұр.

Бауыржан Сейітов, CTS компаниясы басшысының орынбасары:

- Автобустар толып қалатын жағдайлар кездесуі мүмкін. Сол үшін көлік интервалдарын әлі де ретке келтіріп жатырмыз. Жұмысқа ерте шығуға мүмкіндік болса, халық солай жасаса екен дейміз. Егер автобус толып қалған жағдайда келесісін күтуге кеңес береміз.

Автобустар сағат 06:00-ден 21:00-ге дейін жүреді. Маскасыз қоғамдық көлікке кіруге тыйым салынады. Көліктік бақылау департаментінің қызметкерлері күнделікті рейдтер өткізіп, жүргізушілердің де, жолаушылардың да маска режимін сақтауын тексереді. Жүргізушілерге адамдарды автобус ішіне бетпердесіз жіберуге қатаң тыйым салынады. Қоғамдық көлікке тек алдыңғы есік арқылы кіру қажет. Жол жүру ақысы қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы жүргізіледі. Яғни, карточкамен немесе ұялы телефондағы қосымша арқылы төлейсіз.

Блиц 1:

- Әрине, біз қиналдық. Жұмысқа қатынау қиын болды. Таксиге ақшамыз жоқ. Олар да қымбаттап кетті. Қиналып, жұмысқа шыға алмай қалдық. Әрине, бізге автобус өте ыңғайлы.

Блиц 2:

- Осы автобус жүргені бізге дұрыс. Жүріп-тұруымыз қиындап кетіп еді. Сақтанып жүреміз.Барлығы солай жасайды деп ойлаймын.

Блиц 3:

- Автобустар жүргеніне қуанып тұрмыз. Таксиге көп ақша кетеді. Күнде бірнеше рет таксимен жүру бізге өте тиімсіз.

Қала ішінде 600 қоғамдық көлік желіге шықты. Әзірге экспресс автобустар жұмысы тоқтап тұр.Жаңа 100 электроавтобус сатып алынған. Сондай-ақ шаһар басшысының айтуынша, қала тұрғындарының өтініштерін ескере отырып, жаңа бағыттар ашылған.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы