428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда жыл соңына дейін 42 көп қабатты үй қолданысқа берілмек

  • 260
  • UPD: 21:28, 03.08.2020

Түркістан қаласында жыл соңына дейін 42 көп қабатты тұрғын үй қолданысқа беріледі. Жаңа пәтерлерге әуелгі кезекте аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, сосын банкте кезекте тұрған салымшылар ие болмақ. Қазір көне шаһарда құрылыс қана емес, абаттандыру жұмысы да қарқын алған. Қорған Төреқожа ретімен баяндасын.

Салынып жатқан 42 үйдің 24-і алдағы қыркүйек-қазан айларында пайдалануға беріледі. 24-тің бәрі де 7 қабатты болмақ. 24 үй дегеніміз ұзын ырғасы 1452 пәтер. Бұл баспаналарға кімдер ие болады дейсіз ғой.

Мерлан Керімжанов, қала әкімінің орынбасары:

- 450 пәтері көп балалы отбасыларға, аз қамтылған отбасыларға беріледі. Қалған 168  үш бөлмелі, 336  бір бөлмелі, 170 екі бөлмелі пәтерлер кредиттік тұрғын үйге беріледі деп жоспарланып отыр. Құрылысы бітіп жатқан үйлерде жылу жүйесі автономды болады. Яғни әр пәтер иесі жылуды өзі қосып, өзі өшіріп, сондай жаңа технологиямен салып жатырмыз. 

Жалпы 1, 2 және 3 бөлмеден тұратын 1452 пәтердің құрылысына 630-дан аса адам мен 33 техника жұмылдырылған. Екі айда жұрт жаңа пәтерлерге кіреді. Ал қалған 18 үй жыл соңына дейін жеке инвестиция есебінен салынып бітеді. Бұдан бөлек, қаладағы әкімшілік-іскерлік орталықта 12 қабатты 45 тұрғын үй бой көтеріп жатыр. Бұлардың құрылысы келесі жылы аяқталмақ. Не керек, шаһарда тек тұрғын үй құрылысы ғана емес, абаттандыру ісі де қарқын алған.

Мейрамбек Момбеков, қалалық инфрақұрылым және коммуникация бөлімі басшысының міндетін атқарушы:  

- Бірінші кезекте қаланың кіреберісіндегі аумақтарындағы жол жиектерін жақсарту, гүлзарлар салу, саябақтар салу, балалар ойын алаңдарын салу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда көпқабатты тұрғын үйлер ауласында балалар ойын алаңшаларын салу бітіп, пайдалануға берілді. 

Көп қабатты үйлердің аулаларында жүргізілетін абаттандыру жұмысының эскиздік жобасын тұрғындардың өзі дайындап береді. Яғни, ойын алаңдары қай жерге салынады, ағаштар қай маңға егіледі міне мұның бәрін үй иелерінің өздері белгілейді. Қазір қалада 25 аумақ абаттандырылып жатыр. Бұл жұмыстар осы тамыз айында толықтай аяқталмақ.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Еділ Ермекбаев, Бақытбек Нұртаев

Хабар 24 телеарнасы