430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысында су тасқынынан зардап шеккен 42 отбасы баспаналы болды

  • 675
  • UPD: 10:31, 04.08.2020

Түркістан облысы Төлеби ауданында пандемияға қарамастан құрылыс жұмыстары  бір күн де тоқтаған емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Естеріңізде болса көктемде облыстың біраз аймағы су тасқынынан зардап шеккен болатын. Оның ішінде төлебиліктерде бар. Қазір ауданда тұруға жарамсыз болып қалған үйлердің орнына жаңа баспаналар бой көтеріп жатыр. Тіпті су шайып кеткен көпірлер де қайта қалпына келтіріледі. Ал сел салдарынан зардап шеккен «Ленгер» өзенінің айналасында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр..

13 мамыр күні болған нөсер жаңбыр Төле би өңіріне біраз шығын келтірді.  Су тасқынынан зардап шеккен 78 азамат эвакуацияланып, 40 шақты тұрғын ағайын-туыс­тарының үйіне жайғасқан болатын. Арнайы құрылған комиссияның шешімімен 42 үй жарамсыз деп танылып, оларға жаңа үй салынып берілетін болды. Республикалық төтенше жағдай қорынан осынау үйлердің құрылысына 488 млн теңге бөлінді. Қазір аудан орталығында су жаңа баспаналар бой көтеріп келеді. Мұндағы үйлер 4 түрлі үлгімен салынып жатыр. Әр отбасына 10 соттық жер бөлінген. Сондай-ақ қауіпті аумақта орналасқан деп танылған 9 үйдің де орнына осы жерден жаңа ғимарат берілмек.

Бауыржан Омарбеков, Төлеби ауданының әкімі:

– Барлық үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындар жуырда өз шаңырағына қол жеткізеді деп ойлаймын. Ол жерде 100 шаршы метр, 80-60 және 50 шаршы метрлікте 4 типте соғылды. Оған дейінгі яғни, зардап шеккенге дейінгі көлеміне қарап, соған пара-пар үйлер салынып беріледі.

Леңгірдегі «Алатау» мөлтек ауданына көшіп келетін тұрғындарға барлық жағдай қарастырылады дейді жергілікті билік. Қазірдің өзінде жол салынып, жарық, ауыз су, тіпті көгілдір отынға дейін тартылған. Бұдан бөлек, аулаларын су шайған, баспаналарына ағымдағы жөндеу жұмыстары қажет үйлерге түгелдей дерлік көмек беріліпті. Ал аудандағы  сел шайып кеткен 4 көпір де қайта қалпына келтіріледі.  Сел салдарынан зардап шеккен Леңгір қаласының орталығын кесіп өтетін «Ленгер» өзенінің айналасы да абаттандырылып жатыр.  Өзен маңы кеңейіп, тегістеледі. Мұнда тротуар, автотұрақ салынады. Орындықтар орналастырылып, өзен жиегі бекітілмек.

Қоспай Қожанов,  Леңгір қаласы әкімінің орынбасары:

– Бұл жерде қала тұрғындары және қонақтары үшін демалуға ыңғайлы жағдайлар жасалады. Балалар үшін ойын алаңшаларығ «стрит уоркоут», ардагерлер отырып шахмат ойнайтын орындар болады. Алдыңғы жағына көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.

Аудан орталығында ұлы кемеңгер Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Абай» аллеясын салуды қолға алыныпты. Құрылысшылардың жұмысы қарқынды. Мұнда ұлы тұлғаның ескерткіші қойылады.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы