420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылорда облысының Арал ауданында 16 жоба жүзеге асырылып жатыр

  • 447
  • UPD: 14:45, 04.08.2020

Арал ауданында 10 шақты елді мекен шахталық құдықтан, ал 2 ауыл ауызсуды тасымалдап тұтынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шалғай орналасқан Ақбасты, Құланды, Қарақұм, Қарашалаң және Шөміш елді мекенінің тұрғындары үйді-үйге кіргізілген желі арқылы су ішуді талай жылдан бері аңсап келеді. Аталған ауылдардың соңғысына тіршілік нәрі жеткізілетін күн жақын. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында су айдау және 2 су сақтау станциясының құрылысы басталды. Жалпы, теңіз төскейіндегі ауданда 16 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Аралдағы 57 елді мекеннің 70%-і таза сапалы ауызсумен қамтылған. Арал-Сарбұлақ топтық су құбырына қосылатын Шөміш бекеті мен Қарашалаң елді мекені жыл аяғына дейін солардың қатарына қосылмақ.

Мұхтар Оразбаев, Арал ауданының әкімі:

– Станцияның мақсаты, Арал қаласындағы 1,3, 4 және 5 мөлтек аудандардың ауызсу қысымын көтеру және тұрғындарға сапалы ауызсуды бір мезетте беру. Қазір осы су айдау станциясының атқаратын қызметі темір жол арғы бетіндегі 3 мөлтек аудан және жаңа ауылдағы 2 мөлтек ауданды тұрақты ауызсумен қамтамасыз ету. Бұл құрылыс жұмыстары 1 желтоқсанда толық аяқталып, пайдалануға беріледі. 

Игілігі көп мемлекеттік бағдарламалардың аясында аудан көлемінде бірнеше әлеуметтік нысан қайта жаңғыртылып, жаңаша кейіпке еніп келеді. Соның бірі, 35 жылдан бері жөндеу көрмеген аудандық мемлекеттік архив ғимараты кеңейтіліп жатыр. Себебі мұрағат мамандарына 70 мыңдай құнды құжатты сақтау қиынға соғып тұр. 

Болатбек Қуатов, «Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ аудандық филиалының басшысы:

– Құжаттардың барлығы сыйымсыз болып жатыр. Сондықтан да біз оның барлығын ортаңғы залға қойып отырмыз. Барлығы бірдей талапқа сай емес. Егер күрделі жөндеуді өткізсек онда біз әлі 15 жылға дейін ғимаратымыз құжат сақтауға дайын болып тұрады.

Арал көпсалалы колледжінің де барлық оқу ғимараттары қайта қалпына келтіріліп, ауласы абаттандырылып жатыр. Сондай-ақ 1980 жылдан бері жөндеу жүргізілмеген Арал индустриалды-техникалық  колледжінде де жаңғырту жұмыстары басталды.  

Ғанибет Сағатбекұлы, құрылыс компаниясының өкілі:

– 60 адам жұмысқа тартылды. Барлығы осы Арал қаласынан. Тиісті жұмыстарын атқарып жатыр. Нысанның аяқталу мерзімі қарашада. Соған дейін тиісті кесте бойынша жұмыстарды атқаратын боламыз.

«Жұмыспен қамтудың жол картасына» енген аудандағы бірнеше мектеп пен мемлекеттік мекемелердің де ғимараттары жасанып-жаңару үстінде. Ауданда жүзеге асырылып жатқан 16 жобаға төрт жүзден астам жергілікті тұрғын тартылып отыр. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы