429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда өкпесінің 90%-і зақымданған келіншек аман-есен босанып, жазылып шықты

  • 401
  • UPD: 18:48, 04.08.2020

Алматыда пневмония салдарынан өпкесінің 90%-і зақымданған келіншек аман-есен босанды, хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін перзентханадан шыққан ол отбасына оралып, сәбиін алғаш рет бауырына басады.

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Пневмониядан жазылып шыққан Динара Серікбол үйіне жеткенше тағат табар емес. Енді ше, тұла бойы тұңғышын телефоннан ғана көріп келеді. Динара перзентханаға екінші шілде күні түскен. Қос өкпесінің 90%-і құрығанын сол кезде ғана біліпті.

Динара Серікбол, қала тұрғыны:

- Оған дейін білмедім. Температурам болды. Үйде жаттым он күндей. Бірақ тұмаудан шығар деп ойладым. Басында өліп кетерміз деп ойладым.

Өйткені толғағы келген кезде қанындағы оттегінің көрсеткіші, яғни сатурациясы 60%-ке дейін түсіп кетіпті. Әйтеуір білікті неонатолог, гинеколог және пульмонологтардан шұғыл түрде топ жасақталып, Динараны аман-есен босандырып алады. Сәбиі дін аман болғандықтан, екі күннен кейін-ақ перзентханадан шығарылыпты. Оның күтімімен қос апасы айналысуда.

Гүлнұр Байболова, №2 перзентхананың реанимация бөлімінің меңгерушісі:

- Қазір Динараның жағдайы әлдеқайда жақсы. Ол 27 күн бойы реанимацияда жатты. Өкпені жасанды желдету аппаратының көмегіне жүгіндік. Өйткені өкпесінің басым бөлігі зақымданған. Оны емдеу үшін барымызды салдық.

Динара Серікбол, қала тұрғыны:

- Сол кісілердің арқасында екінші рет өмірге келдім деп айтсам болады. Өмірімді сол кісілер құтқарып қалды.

Бүгінгі таңда №2 перзентханада айы-күні жақындаған 107 әйел жатыр. Коронавируспен түскен екеуі өзгелерден оқшау, арнайы провизорлық бөлімге орналастырылған. Олар дәрігерлердің жіті бақылауында.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы