420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Дәрігерлердің ақша жымқырып жатқаны рас па?

  • 636
  • UPD: 21:56, 04.08.2020

«Мұнда бір гәп бар». Әлеуметтік желіде отыратын біраз жұрттың дәрігерлерге өкпесі қара қазандай.

«Медициналық көмекке мұқтаж болмасақ та, бәзбіреулер бізді дәрігерлердің қабылдауына жазып қойған», дейді олар.

Мұны тұрғындар Damumed мобильді қосымшасынан анықтапты. Мұндай әккі әрекетке кім баруы мүмкін? Киберқауіпсіздікке жауапты мамандар «мұны дәрігерлердің өздері жасауы мүмкін» дегенді айтып қалды. Бұл қалай? Расымен де ақша жымқырудың астыртын амалы ма, әлде өзге жауабы бар ма?

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Бұл – Арай Ордабаева. «Фэйсбукті» тұрақты қолданады. Өткен айдың соңында қауіпті індет жұқтырып алған екен. Оны жазбасынан оқып білдік. Сөйтіп, өзі тіркелген емханаға барады. Бірақ дәрігер таппайды. Шарқ ұрып, біраз жүрген. Амалы құрыған соң мобильді қосымша арқылы дәрігердің қарауына жазылмақ болады. Сол кезде мына бір гәпті анықтапты.

Цитата: Арай Ордабаева:

- Дәрігер таппай шырылдап жүрсем, Damumed қосымшасында барлығы көрсетілген екен ғой. Ондағы жазба бойынша мен бірнеше дәрігерге көрінген екенмін. Олар маған қажет дәрілерді де жазып беріпті. Тіпті жолдама бергенге ұқсайды. Қазір солардан сұрағым келеді: «Менің қазіргі жағдайым қалай? Ешкімге қарыз емеспін бе?.

Төбесінен жай түскендей болған Арай осындай былықтың барын әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазады. Мұндай әккі әрекетке кімнің баруы мүмкін деген ой жиі мазалапты. Сөйтсе, бұл сұрақ өзге қолданушыларды да толғандырып жүр екен.

Цитата: Айгуля Ромахова:

- Мен баламмен №10 емханаға барып, барлық дәрігердің қабылдауында болыппын. Бірақ соның бірі де есімде жоқ. Өйткені мен баламмен ешқайда барған емеспін.

Эльвира Бекзадина:

- Биыл ақпан айында бір рет ПАП-тест тапсырғанмын. Мобильді қосымшадағы жазбаға сенсем, мен ай сайын сол ПАП-тест тапсырып жүрген науқасқа ұқсаймын. Осы күнге дейін ПАП-тест тапсырып келгенмін. Бұл не масқара?

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Damumed – мобильді қосымша. Ол дәрігердің қабылдауына жазылу үшін жедел жәрдем шақырту үшін керек. Ыңғайлы болған соң әріптесім Мадина да телефонына жүктеп алған. Бірақ кейінгі уақытта бұл жүйені бәзбіреулер өз игіліктеріне жаратып жатқанын аңғара бастаған.

Мадина Наметова, «Хабар 24» телеарнасының үйлестірушісі:

- Біреудің атынан дәрігердің қабылдауына жазылу кімге керек болды? Көптің күдігін тудырған бұл мәселе билікке де жеткен екен. Мәжіліс төрағасының орынбасары үн қатып үлгерді.

Цитата: Владимир Божко:

- Бұрын Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті мұндай мәселелерді қатаң қадағалайтын. Ал, қазір Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қору қызметіне салғырт қарайды. Олардың қызметкерлері көп, басшылары министрден 2 есе көп айлық алады. Сөйте тұра, бұл істі тексеруге енжар.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Бұл жазбадан дәрігердің әр қабылдауына медициналық сақтандыру қорынан ақша бөлінетінін түсіндік. Қомақты қаражат болар. Әйтпесе, бәзбіреулер мұнша тыраштанбас еді ғой. Әлде мобильді қосымшаның өзінде ақау болды ма? Мұны әлгі жүйені ойлап тапқандардан сұрап көрдік.

Наталья Киль, Ақпараттық технологиялар әзірлейтін компанияның бас директоры:

- Біздің жүйе медициналық көмекке жүгінген адамның жазбасын тиісті орынға жылдам жеткізеді. Мобильді қосымша арқылы дәрігердің қарауына жазылады, жоспарлы ем қабылдай алады, жедел жәрдем шақыруға мүмкіндік бар. Жазбалар автоматты түрде беріледі. Жүйеде ақау болуы мүмкін емес.

Шынында, жүйе істен шықса, байланыс тетіктері жойылып кетер еді. Сонда мұны дәрігерлердің өздері жасап отыр ма? Қайдам, ақ халаттылар мұндай қадамға бара қоймас. Бірақ киберқауіпсіздікке жауапты мамандар бұл күдікті растап бергендей болды.

Арман Әбдірасылов, Кибершауылды зерттеу және сараптау орталығының директоры:

- Науқас адам емханаға келіп, дәрігерге көрінді делік. Содан кейін емхана басшылығы Денсаулық сақтау министрлігіне «осынша адам қабылдадық» деп есеп береді. Ал, министрліктен оларға ақша бөлінеді. Қай емхана науқасты көп қабылдаса, соларға көбірек ақша беріледі. Меніңше, мұны дәрігерлердің өздері әдейі жасауы мүмкін.

Қалай болғанда да, бұл ақша жымқырудың астыртын амалы сияқты. Жемқорлармен күресіп жүрген агенттік қызметкерлері осы мәселені қаперге алатын шығар.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы