432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Отырарлық диқандардың еңбегі еш кеткелі тұр

  • 452
  • UPD: 22:35, 04.08.2020

Отырар ауданы диқандарының жаздайғы еңбегі еш кеткелі тұр, хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, жүз гектардан астам алқапқа жүгері, жоңышқа, мақта мен  бақша дақылдарын еккен шаруалардың жағдайы қиын.

Себеп – ағын судың тапшылығы. «Қазір тіршілік нәрінің ең қажет кезі. Егер осылай жалғаса берсе, барлығы құрдымға кетеді», - дейді диқандар. Шыдамы әбден таусылған шаруалар біздің арна тілшілеріне хабарласып, жанайқайымен бөлісті.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Аудандағы Талапты, Қоғам және Қарғалы ауылының тұрғындары негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Мұндағы әрбір тұрғын бақша және малазықтық дақылдар егіп, күнкөріс көзіне айналдырған. Ерте көктемде жүз гектардан астам аумаққа жүгері, жоңышқа, мақта және қауын еккен шаруалар жылдағыдай мол өнім алудан үмітті болатын. Алайда, ағын су тапшылығынан дақылдардың бойы өспей қалса, қауынның сабағы қурап, түйнектері қисайып кеткен.

Марат Жүнісбек, диқан:

- Міне, мына қауын қияр боп қалды. Әлі де үмітіміз бар. Осы 3-4 күннің ішінде су берсе, мынаны жұлып алып тастаймыз, екінші түйнекке үміт артамыз, су келсе. Су келмесе, білмеймін. Мен ақыға күндігіне 3-5 мыңнан адам жалдап жатырмын. Шығыным шаш етектен.

Биыл ағын судың дер кезінде берілмеуі – жер емген шаруаларды шығынға батырғалы отыр. Олар кезегімен су алу үшін ауыл әкімдігіне әр гектарға 2 мың теңгеден ақша төлеп қойғанын айтады. Бірақ жаз ортасынан ауса да, бір тамшы су көрмеген. Диқандар бұған барлығының алқабы толық су ішпей жатып, басқалардың суды пайдалануына рұқсат беріп қойған жергілікті «Қазсушар» мекемесінің мамандарын кінәлайды.

Қайрат Жұмабаев, диқан:

- «Ек-ек» дейді ауыл әкімі, егесің су жоқ. Менде 5,8 га жоңышқа, 7,2 га жүгері ектім. Жүгерімді әлі суғарған жоқпын. Келген суды қадағалап, тәртібімен бөліп бере алмай жатыр.

Аманхан Мәмбетәлі, диқан:

- Водхоздың тәртібі бойынша су ең аяқ жақтан бастап беріледі. Солардан артылған суды басқаларға беру керек. Рұқсатты береді, болды. Келіп, қарап жатқан адам жоқ. Кім ішіп жатыр, кім ұрлап ішіп жатыр? Ондайлар да бар. Біреудің алқабына кіруге құқығымыз жоқ. «Неге алдың» десең, «жұмысың болмасын» дейді. Рұқсат қағазын көрсетеді.

Бұл мәселеден аудан әкімдігі де, ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары да құлағдар. Бірақ каналдардың барлығы «Қазсушар» мекемесіне қарайтындықтан, жергілікті биліктің оларға сөзі өте бермейтін көрінеді.

Батырбек Сыздық, Отырар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Бұл мәселе екі апта бұрын көтерілген. «Қазсушардың» мамандары жоңышқаның екінші суына талон беріп қойған. Шын мәнінде солай болған. Түсінбеушіліктер болғаны рас. Шаруалар соған ашуланып отыр. Ол кісілерді түсінуге болады, өйткені егінін екті. Алажаздай бейнеттенді. Енді соған біз кеше кесте түздік. Келген суды ең соңғы нүктеден бастап суғару туралы.

Біз осы мәселеге байланысты «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Түркістан облыстық филиалының директоры Денис Коноваловпен телефон арқылы хабарласып, мән-жайды білдік. Филиал басшысы ағынсу тапшылығын биыл өңірге жауын-шашынның аз түсуімен байланыстырды. Соның салдарынан Арыс өзенінде су мөлшері жылдағынан төмендеп кеткен.

Денис Коновалов, «Қазсушар» РМК Түркістан облыстық филиалының директоры:

- Мен осы іске байланысты арнайы топ құрып, кеше мамандарды алқап басына жібердім. Олармен мәселемен танысып, шешілу жолдарын қарастырды. Нәтижесінде бүгін шаруаларға су берілді. Жалпы биыл жауын-шашынның аз болуына байланысты жергілікті өзендерде су мөлшері 35-40%-ке дейін төмендегені байқалады. Сондықтан біз ерте көктемде жергілікті әкімдіктерге бұл жайында ескерттік. Егіс көлемін осыған орай жоспарлауды ұсындық. Қазір жағдай толық бақылауда.

Суға жауапты басшысының айтуынша, бүгіннен бастап диқандарға ағын су беріле бастайды. Бірақ жерді жалға алып, жан баққан шаруалардың көбінің несиесі бар. Олар осы жерден маңдай тер, адал еңбекпен тапқан өнімін күзде сатып, қарыздарын қайтаруы тиіс. Алайда, ешқайсысының егіс алқабы сақтандырылмаған. Ал, биыл өнім болмаса, шаруалардың шығынын кім өтеп береді? Бұл сұрақ басы ашық күйінде қалып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы