423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында жоспарлы медициналық қызмет қайта жанданды

  • 231
  • UPD: 22:38, 04.08.2020

Қарағанды облысында жоспарлы медициналық қызмет көрсету жұмысы қалыпқа келе бастады, хабарлайды «Хабар 24».

Мұның алдында жаппай коронавируспен күреске жұмылған ұйымдардың біразы қазір өздерінің негізгі қызметтеріне көшкен. Бұл жұмыстар облыс бойынша 10 тамызға дейін толық қалыпқа келтірілмек.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Жанболат Сартбаев көптен бері өзін жайсыз сезініп жүрген. Алайда, қазіргі ахуал дәрігермен тек онлайн байланыста болуға мүмкіндік берді. Бүгін өкпесін, кеуде тұсын толық тексертіп алмақ ниетте.

Жанболат Сартбаев, қала тұрғыны:

- Мен қазір дәрігерге және флюраға келдім. Қазір соны тапсырып, жалпы тәжірибелік дәрігерге барамын. Флюраны өтеміз, ауырған жерді көрсете аламыз, жақсы болды, енді карантин тезірек бітсе екен.

Қазір емдеу шараларын қалыпқа келтіру үшін арнайы жоспар жасақталған. Скрининг, флюрография сынды қызметтер қолжетімді. Тұрғындардың арасында, әсіресе, аясы тар мамандарға деген сұраныс артып тұр. Сондықтан олар келер аптадан бастап пациенттерді қабылдай бастайды.

Гамаль Тоқсамбаев, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Біз вирус жұқтырған пациенттерді орналастыру үшін 4427 стационарлық төсек-орынды пайдаландық. Бүгінгі күні олардың бар болғаны 26%-інде науқастар жатыр. Реанимациялық төсек орындар 80%-ке босады. Енді қазір біз жоспарлы науқастар ағынын шартты түрде ұйымдастыра аламыз, олардың емханаларға келіп, індет жұқтырып алуы мүмкін деген қауіп жоқ.

Атап өткен жөн, жоспарлы емдеу жұмыстары жанданғанымен, емдеу орындарына ағылатын адам нөпірін қалыпта ұстау мақсатында алдын ала учаскелік дәрігер арқылы жазылу керек болады. Тек шұғыл ем-дом қажет ететіндер бірден дәрігердің бақылауына жіберіледі.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы