423,09 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда жағалаудан демалыс орындарына дейін жол салынды

  • 230
  • UPD: 09:52, 05.08.2020

Каспий жағалауында ұзындығы 4,6 шақырымдық төрт жолақты жол салынды. Ол Ақтауды жағажай бойындағы демалыс орындарымен қосады. Жоба аясында тағы 27 километр жолды жаңарту жоспарланған. Қазір 16 шақырымдайына асфальт төселіп тұр. Бұрын екі жолақты болған көне трасса биыл төрт жолаққа кеңейді. Жиегі жаяу жүргіншілерге арналған және велосипед жолдарымен қамтылды. Көше шамдары да орнатылып жатыр.

Ақтаулықтар қаладан қашық жердегі демалыс орындарына бару үшін су тұшыту комбинаты, аммиакты селитра өндіретін зауыт жанындағы трассамен жүріп келді. Шілде айында жаңа бағыт ашылды. Енді шаһар сыртындағы «Приморский» елді мекенінен тура шықсаңыз, ең бірінші тұрған демалыс орынына 10-15 минутта жетесіз. Жаңа трассаның құрылысы былтыр қараша айында басталған еді. Салу жұмыстары кезінде шағын көпір де пайда болды.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Теңіз суын тұшытатын комбинатқа мына су арнасы арқылы тәулігіне 300 мың текше метрдей су өтеді. Яғни оны бөгеуге болмайды. Осындай тапсырма алған жол салушылар бұл жерге жалпы ұзындығы 80 метрлік дәл осындай металлоконструкцияны орнатыпты. Айта кетейік, еліміз тәуелсіздік алғалы бұл Ақтауда алғаш рет салынған көпір.

Бекмұрат Сейсенов, жол салушы компанияның бас инженері:

- Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары аяқталды. Қазір тек тазалау, әрлеу-сырлау жұмыстары жүріп жатыр. Көпірге арналған техникалар жұмыс жасады осы жерде. Бұл көпірдің ерекшелігі - өзіңіз көріп тұрсыз ғой, каналдың үстінен салынған. Ұзындығы 42 метрлік балка қойылды. Ол каналды көмбей, суды тоқтатпай арнайы құрылғы арқылы қойылды.

Жоспар бойынша биыл жалпы ұзындығы 70,9 шақырым көлік жолы жаңартылады деп айтылды. Оның бастапқы кезеңі «Алау»  демалыс лагерінен Құрық паромдық кешеніне дейінгі аралықты қамтиды. Ұзындығы 34,7 километрді құрайтын трасса екі жолақты болып қала береді.

Абай Тұралханов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

- Жобаның бірінші кезеңі бойынша «МАЭК» су алғышынан «Алау» балалар лагеріне дейінгі жолды реконструкциялау болып есептеледі. Бұл жерде 27 шақырымның 15-іне асфальт салынып тұр. Сонымен қатар, екі жолақты жол төрт жолаққа дейін кеңейтіледі. Жобаның үшінші кезеңі бойынша «Шора» көпірін реконструкциялау. Көпірдің жалпы ұзындығы 70 метр. Қазіргі таңда Алматы қаласынан темір-металл бұйымдарға тапсырыс беріліп, монтаж жұмыстары жүргізілуде.

Әлгі жобаның үш кезеңі де жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Қалған екі кезеңін жүзеге асыру таяу арада басталады. Құрылысына 30 арнайы техника мен жүзге жуық жұмысшы тартылады. Қайта жаңғырту жұмыстары және жол материалдарының талаптарға сай болуын «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» бақылайды.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы