429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентке қарасты елді мекендерде су мен жол мәселесі шешіле бастады

  • 269
  • UPD: 15:18, 05.08.2020

Шымкент қаласына қарайтын елді мекендерде ауыз су мен жол жайы шешімін таба бастады. Естеріңізде болса біздің арна тілшілері шаһардағы Абай, Қаратау ауданына қарасты «Солтүстік саяжай» тұрғын алабы, «Ынтымақ», «Жаңаталап», «Тұран» шағын аудандарындағы коммуналдық мәселелерді көтерген болатын. Қазір ол ауылдардағы түйіткілді мәселелер біртіндеп шешіліп жатыр. 

«Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабында тұратын Гүлмира Ибрагимова есігінің алдында сарылдап ағып жатқан аққан суы жоқ болса да азғантай бау-бақшасын гүлдендіріп отыр. Несібесіне қарай еккен қызанақтары да бітік шықты. Елді мекенде таза ауыз су болмаған соң құдық қаздырып, соны пайдаланып келген. Оның өзін 20 метрден қаздырған. Ал көшесіне су келетінін естігенде «арық қазатын техниканы көзбен көргенімше сенбедім» дейді.

Гүлмира Ибрагимова, қала тұрғыны:

- Осында келгелі бері құдықтан су ішеміз. Жаздың күндері суымыз көп тартылады. Енді мінеки қала басшылығына көп рахмет айтамыз. Біздің елді мекенге су жүргізіп беріп жатыр. Су мәселесі еді ең бірінші. Одан соң газ мәселесі. Көгілдір отын жоқ бізде. Қыстың күндері от жағамыз кәдімгі көмірді. Светте бізде жекеменшік ғой. Ол да қалаға өтсе дейміз.

Қаладағы Абай ауданында 322 мыңнан астам халық тұрады. 34 елді-мекені бар шаһардағы үлкен ауданда шалғай жатқан 15 ауыл бар. Барлығы дерлік 2014 жылы Түркістан облысының Сайрам ауданынан қосылған. Соның бірі «Жаңаталап» шағын ауданы. Оған бес елді-мекен қарайды. 27 мың тұрғыны бар. Барлығының мәселесі бір. Ауыз су, жол, жарық, көгілдір отын. Биыл тіршілік нәрі үшін 5 ауылға  қала қазынасынан 2,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Қазір  құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. 

Темірхан Әбдішбеков, мердігер мекеме өкілі:

- Жұмыс кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Кесте бойынша су құрылысындағы жұмыстарды қараша айында бітіруіміз керек. Қазір жақсы қарқынмен келе жатқандықтан, қазан айының аяқ жағында суды береміз деген ойдамыз.

«Ынтымақ-2» шағын ауданында ауыз су мәселесі өзекті. Мұндағы тұрғындар тіршілік нәрін күні бүгінге дейін сатып алады. Биыл бұл аумаққа да су құбырын тарту үшін жобалық сметалық құжаттары дайындалып, қала қазынасынан қаржы қарастырылды. Қазіргі уақтты 10 көшеге су құбырлары тартылып жатыр.

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі:

- Ынтымақ елді мекеніне 1 млрд 154 миллион теңгеге ауыз су құрылыстары жүріп жатыр. Ол жерде қаржы бөлініп жұмыстар жасалынуда. Бізде «Солтүстік саяжай» елді мекені бар. Ол жерде тұрғындар көп. 4800 тұрғын үйі бар. 1025 не тұрғын үйлер салынған, қалғандары жер учаскелері. Ол жерде бүгінде ауыз су жоқ. Электр жарығы жоқ. Газ жоқ. Соның барлығына 7,2 млрд теңге қаржы бөлінді. Ол жерде жарықтың жобалық сметалық құжаттары дайын емес еді, ол дайын болды. Газдың жобалық сметалық құжаттары 1 желтоқсанда бітеді. Ауыз судыкін толығымен бітіріп, мемлекеттік сатып алу конкурстары жүріп жатыр.

Шымкентте биыл жалпы 240 нысан, 300 шақырымнан астам жол, 7 көпір, 1 жаяу жүргіншілер өткелі пайдалануға берілмек. Соның ішінде ұзындығы 7 шақырымнан асатын ішкі көше жолдарының құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Жолы жаңарған елді мекендердің қатарында Ынтымақ шағын ауданы да бар. 

Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы