426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы ең көне терекке мәртебе беріледі

  • 250
  • UPD: 13:22, 05.08.2020

Елордадағы ең көне терекке ерекше мәртебе беріледі. Көпес Кубриннің кезінде отырғызылған ағаш қаланың құрылуы сәтінен бүгінгі кейпіне дейін куә. Өзі де туристердің қызығушылығына ие. Бірақ бірнеше жыл дуал артында қалған алып ағашты көпшілік назарына шығару енді ғана мүмкін болған. 

Бұл теректің осы аймақта өсіп тұрғанына 120 жылдан асты. «Ғасыр құрдасы талай тарихтың куәсі» дейді көзкөргендер. Байырғы саябақта тұрақтап қалған жалғыз ағашты көпшілік әлі де саялайды. 

Александр Хорошавин, қала тұрғыны:

- Бұл жерде үлкен дуал тұратын. Көне теректі көп жыл бойы көрмей қалдық. Дуалды алып тастағалы балконнан қарап, қуанып жүрміз. Қарт ағашты бұрыннан білеміз ғой. Бұл жерде бұрын ескі жағажай болды. Демалуға келген адамдарды саялатқан терек бұл.

Теміртас Ысқақов үлкен дуалды алып тастап, теректің тынысын кеңейтуге мұрындық болды. Қала билігінің назарын ең көне ағашқа аударту үшін қол да жинаған. Нәтижесіз емес. Қоршаудың бір бөлігі алынды. Әлі де атқарар шаруа көп. 

Теміртас Ысқақов, қала тұрғыны:

- Қазір біз өзендегі фонтанды басқару тетігін басқа жерге ауыстырту бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені теректің айналасын босату қажет. Үш жылдай қоршалып тұрған қарт ағаштың бүлінген аумағы бар. Оны реттеуіміз керек. 

Көне теректің жайы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевке де аян. Ол өзінің твиттердегі парақшасында ағашты күтіп баптауға қатысты пікір жазған.

Елордалық тұрғындардың 120 жылдық тарихы бар теректі сақтап қалуға қатысты бастамаларын қолдаймын. Тарихы бар бұл теректі сақтап қалу үшін бар күшімізді салуымыз қажет. Ағашты күтіп баптауға қатысты жауапкершілікті министрлік өз мойнына алмақ.

Алдағы уақытта қарт ағашқа ерекше мәртебе берілуі мүмкін. Бұл туралы ведомство өкілі хабарлады. 

Серік Айдабосын, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бас сарапшысы:

- Терек ағашы жас қаламызда ең ескі ағаштардың бірі болып саналуына байланысты біз оған ерекше көңіл бөлеміз деп шешім қабылдадық. Терек ағашы Есіл өзенінің бойында туристер көп жиналатын орында орналасқанына байланысты ол жерге ақпараттық тақта орнатамыз. 

Қазір Есіл ауданының әкімдігі де ғасыр құрдасын сақтап қалу бойынша ұсыныстар қабылдап жатыр.

Мерей Мұратханқызы, Марк Брюшко, Ерлан Наурызбаев, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы