429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Кәсібіңе мен сенің басымды идім...

  • 250
  • UPD: 19:33, 05.08.2020

Елде сауыққан адамдардың саны көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы күні қауіпті індетті 67 мыңнан астам адам жеңіп шыққан. Құрсауына түскенді құр қалдырмай жатқан кеселмен ақ халаттылар аянбай-ақ күресуде. Солардың еселі еңбегін мұқым елеп те жатыр. Ағынан жарылып, алғыс айтуда.

Арқаны кеңге салатын кез емес. Қауіп сейілді екен деп секемсіз жүруге болмайды. Көктем біткенде сөйтіп едік, көп ұзамай салдарын да көрдік. Апай-топай күйге түскенде дәрігерлер де кімге көмек қыларын білмей дал болып еді. Үлгермей жатты. Дәрі-дәрмектің жоқтығы да, тыныс алдыратын аппараттың қаттығы да жанымызға қатты батқан. Қаншама адам соның кесірінен келместің кемесіне мініп кетті. Саланың солқылдақ тұстарын аршып берді. Осындай қиын кезде ақ халаттылар қолдан келгенін жасауға тырысты. Біраз адамның өмірін де сақтап қалды. Солар қазір алғыс айтып жатыр. 

Өзгенің өміріне араша түсемін деп өз өмірін қатерге тікті емес пе сол дәрігерлер?! Өткен айда қауіпті індеттен 51 маманның қайтыс болғаны айтылған. Сегіз жарым мың медицина қызметкері осы кеселді жұқтырып алды. Бірақ соларға өтемақы әлі толық төленбеді. Сөйте тұра, қызметтеріне адал. Науқас қараудан бас тартпады. 

Дәрігерлердің жанқиярлығы дейік, елде сауығып жатқан адамдардың саны көбейді. Осы күні 67 мың отандасымыздың жазылып шыққаны айтылады. 26 мыңнан аса адам әлі де ем алуда. Оның 6 мыңға жуығы ауруханада жатыр. Қалғаны үйлерінде. 29 науқастың жағдайы өте ауыр екен. 41 адам аппаратқа қосылған. Ақ халаттылар соларды өлімнен арашалап қалу үшін барын салып жатыр.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы