428,10 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алакөл жағалауында патрульдік іс-шара өтті

  • 273
  • UPD: 21:00, 05.08.2020

Алакөлде жұрт қарақұрым. Суы шипалы көлге келушілер көп болған соң құтқарушылар да кірпік қақпай, сақ жүруге тырысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматы облысына қарасты жағалауда бақылау күшейіп, шомылушыларға барынша ескерту жасалып жатыр. Құтқарушыларға қазір волонтерлер де қолғанат. Олар демалушыларға үнпарақтар таратып, суға батқан адамға алғашқы көмек көрсетуге арналған шеберлік сағатына қатысып жүр.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

– Алакөлдің Алматы облысындағы бөлігінде екі жүзден астам демалыс орны бар. Олар өткен жылы 1,5 миллионға жуық туристке қызмет көрсеткен еді. Карантин жағдайында жұмыс істеп жатқандықтан көлге келушілер саны шамамен 2-3 есеге дейін азайған.

Айдынды Алакөлдің суы дертке дауа, жанға шипа екенін көпшілік жақсы біледі. Сол себепті мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, тынығатындар көп. Көл болған соң жағалауда қайғылы жағдайлар да болып тұрады.

Азамат Жұртбаев, облыстық ТЖД баспасөз хатшысы:

– Патрульдік жұмыстардың барысында биыл бізде шомылу маусымы басталғалы қырыққа жуық адам құтқарылды. Сонымен қатар өкінішке қарай шомылу маусымы басталғалы бізде 8 адам қаза болды. Олардың басым көпшілігі суға түсуге рұқсат берілмеген жерлерде шомылған.

Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері көл жағалауындағы патрульдік жұмыстар барысында шеберлік сағатын да өткізіп тұрады. Волонтерлердің қатысуымен өткен бұл жолғы мастер-класс суға батқан адамға алғашқы көмек көрсетуге арналды.

Демалушылар Алакөлге ұшақпен және пойызбен қатынағанды жөн көреді. Өйткені жол нашар. Біз жол талғамайтын көліктің өзімен облыс орталығы Талдықорғаннан Ақши ауылына дейін 10 сағат жүріп бардық. Арақашықтық шамамен 370 шақырымдай.

Ырысгүл Ибадуллаева, демалушы:

– Алакөл көліміз өте тамаша. Ақши ауылында демалып жатырмыз. Туризмді дамытып, көп адамдарды келтіру үшін жол қатынасын жақсартса, кішкене сервисті бұдан да көркейте берсе біздің бюджетімізге, біздің Қазақстанды көркейтіп, осы облысты, осы ауылды көркейтіп, жұмыстар болар еді.

Жанна Керейбаева, демалушы:

– Жыл сайын бұл жерде инфрақұрылым дамып келе жатыр. Ең басты мәселе, жол. Өте қиын. Менің туысқандарым 9 сағат жүріп келді. Мұндай уақытпен, жолдың жамандығынан туристер келе алмайды. Мысалы, міне, мынандай шипалы су қолымды кесіп кеткені бір күнде жазылып кетті. Бұл керемет, шипалы су.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері суға түсуге рұқсат берілмеген жерге бармау керектігін және көл жағалауында балаларға өте абай болу қажет екенін ескертеді. Өйткені қас-қарайған шақта кішкентай бала жоғалып кетіп, төтеншеліктердің, жергілікті полицияның араласуымен әзер табылды. Сонымен қатар Көктұма ауылының тұсында жар құлап, 17 жастағы қыз баланы топырақ басып қалды. Ол алған жарақатынан сол жерде қаза болды. «Мұндай қайғылы жағдайдың алдын алу үшін барынша сақтанып жүру керек», – дейді құтқарушылар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Жеңіс Әбдірешев

Хабар 24 телеарнасы