429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жануарларды қорлағандар бас бостандығынан айырылуы мүмкін

  • 270
  • UPD: 22:49, 05.08.2020

Жануарларға қатігездік танытқандар бас бостандығынан айырылуы керек. Бүгін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев арнайы заң жобасын қарау кезінде солай деді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – бекер емес. Соңғы уақытта жан-жануарларға қастандық жасайтындар көбейіп кеткен.

Жақында 6 жастағы баланың мына әрекеті әлеуметтік желі қолданушыларының жағасын ұстатты. Ол өзі тұрып жатқан үйдің соңғы қабатынан кішкентай мысықты лақтырып, еш алаңсыз үйіне кіріп кетті. Алған жарақаттардан марғау өліп қалды. Енді баланың ата-анасы жауапқа тартылады. Алайда біздің елде жануарларға қатігездік танытқандардың жазасы тек айыппұлмен шектелетіні белгілі. Бостандықтан айыратын норма заңда қарастырылмаған. Сол себепті қоғам арасында ит-мысықтарға деген жауапкершілік жоқ. Осы орайда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бұл мәселені қолға алып, тиісті заң әзірлеуге кірісті. Бүгін бұл құжат жануарлар қорғаушыларымен бірге қызу талқыланды.

Лилия Сәрсенова, жануарларды қорғау қауымдастығының басшысы:

– 2 минута Қазақстан жануарлар құқығын қорғауға бағытталған конвенцияға қосылуы керек. Бүгін біз қарастырып отырған заң жобасы жануарлардың иелері, ветеринарлар, ауыл шаруашылығындағы жануарларға қатысты мәселелерді қамтитын болады. Құжат адамдардың жауапкершілігін арттыруы тиіс. Цирк пен хайуанаттар бағының әрекеттері де реттеледі. Сондай-ақ, жабайы аңдарды ұстағандар да осы заңға ілігеді.

Мира Назарханова 1 жарым жыл бұрын жануарларға арналған баспана ұйымдастырды. Қазір оның қарамағында 70 ит пен 30 мысық бар. Қала әкімдігі тарапынан еш көмек көрсетіліп жатқан жоқ. Тек қала тұрғындары ғана барынша қаржылай жәрдем беріп жатыр. Мира адам айуандығының құрбанына айналған ит-мысықтарды өзі емдеп, оларға қожайын іздейді. Ниет білдіргендердің бәріне бере бермейді. Себебі көп  адамның жануарды баға алмайтынын бірден сезеді. Зообелсендінің айтуынша, біз әлеуметтік желілерде көріп жатқан қатігездік деректері ол тек шет жағасы ғана.

Мира Назарханова, жануарлар үйінің иесі:

– Менің ойымша, қаңғыбас ит-мысықтардың санын азайту үшін оларды ұрықсыздандыру керек. Басқа амал жоқ. Оларды өлтіруге болмайды. Себебі қаладағы экожүйе бұзылады. Мысықтар болмаса, тышқандар қаптап кетеді. Біз жануарларды жақсы көруді талап етіп отырған жоқ. Біз тек қана оларға тиіспеуді, оларды өлтірмеуді сұраймыз. Біздің адамдар итті көре салса, аулау қызметіне хабарласады. Шынын айтсам, ұсталған иттердің 80-90 проценті діттеген жеріне жеткізілмейді. Бұл адамдар қылмыстық жауапқа тартылмайынша, жануарларды өлтіру тоқтамайды.

Бұл ұсынысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрі де қолдап отыр. Бүгін өткен онлайн жиында ведомство басшысы еліміздің барлық өңірінің зообелсенділері, ветеринар дәрігерлері, заңгерлері мен  биологтарының ұсыныстарын тыңдап, заң жобасын әзірлеу барысында бұл пікірлерді ескеретінін айтты.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

– Бұл күрделі жұмыс модельді заң әрине, қылмыстық кодекске  әкімшілік, экологиялық кодексе өзгерістер енгізіледі. Бұл біздің есебіміз бойынша 300 жуық өзгеріс енгізіледі. Қазір қолданысқа заңнамаға сәйкес, жаза тек әкімшілік кодекспен қарастырылған. Енді біздің ұсынысымыз қылмыстық кодекске өзгеріс енгізу. Және егер қатігездік тіркелсе,  бас бостандығынан айрылу керек деп ойлаймыз.

Жаңа құжат қоғам арасында көп дау туғызды. Ұсыныстар да аз емес. Мәселен, зообелсенділердің бірі жануарларды қорғауды мектеп бағдарламасына енгізу керек деп есептейді. Айта кетейік, соңғы 5 жылда қаңғыбас ит-мысықтардың саны 21 процентке артты. Ал оларды аулауға бөлінген қаражаттың көлемі 50 процентке өсті. Мамандар ақшаның орынды жұмсалғанына күмәнданып отыр.

Авторлары: Дариға Ташенова, Арман Ақшабаев, Асхат Қарақойшиев, Саид Исмаилов

Хабар 24 телеарнасы