423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысының Көксу ауданында 26 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асып жатыр

  • 214
  • UPD: 22:50, 05.08.2020

Алматы облысының Көксу ауданында 26 ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асып жатыр. Соның нәтижесінде көптеген ауылда мәдениет үйі, мектеп пен амбулаториялар қалыпқа келіп, жолдар қайта жөнделеді.

Балпық би ауылының тұрғындары ұзақ жылдар бойы сапасыз су ішіп келген еді. Қысымның аздығынан барлық үйге су жете бермейтін. Құбыр әбден ескіріп, тозғандықтан судың сапасына да көптеп сын айтылатын. Бұл кемшілік биыл жойылды. 

Айгерім Валиева, Балпық би ауылыны тұрғыны:

– Бұған дейін ескі құбыр қайта-қайта жарылып, 2-3 күн сусыз қалған кездеріміз де болды. 1994 жылдан бері судың қысымы дұрыс болмады. Сапасы да нашар еді. Қазір бәрі жақсы.

Мердігер белгіленген мерзім ішінде ұзындығы 40 шақырымдай құбырды ауыстырып үлгеруі тиіс. Қазір мұнда 5 бригада жұмыс істеп жатыр. Қазылған жер көміліп, тегістелген соң бірден асфальт төселеді.

Ерлан Қуаныш, мердігер компания өкілі:

– Жұмысты біз май айында бастағанбыз. Енді аяқталу мерзімі желтоқсан айында бітеді. Біз қазір 70 процентке дейін  жасадық. Металл трубадан көрі, пластик труба дұрыс. Темір трубалар шіріп кетіп жатыр.

Көксу ауданы бойынша 26 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға 4 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Мамыр айынан бастап бөлінген ақша игеріліп, барлық жоба жүзеге аса бастады.

Дәулет Халелов, Көксу ауданы әкімінің орынбасары:

– Жоспар бойынша 328 адамды жұмыспен қамту керек болса, қазіргі таңда 250 азаматты жұмыспен қамтып, орналастырдық. Көшені жарықтандыру бойынша екі объекті тапсырылған.

Ермек Қыстаубаев, Көксу аудандық мәдениет үйінің директоры:

– Зылиха Тамшыбаева ауылында үлкен мәдениет үйінің күрделі жұмысы жүріп жатыр. Айнабұлақта мәдениет үйінде және Мұқырыда, Талапты ауылында текущий ремонттар жүріп жатыр. Барлық жерде үйірмелер бар. Әдіскерлер, қызметкерлер жұмыс жасап отыр.

Көксу ауданында 10 мәдениет үйі жұмыс істеп тұр. Әр мәдениет үйінде түрлі үйірмелер де бар. Мектептер мен спорт алаңдарын ағымдағы жөндеу, жолдарды орташа жөндеу жұмыстары Жарлыөзек, Мұқаншы, Бесқайнар, Қаблиса ауылдық округтерінде де қарқынды жүріп жатыр.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы