423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Асы-Түрген обсерваториясында аспан әлемін бақылау маусымы басталды

  • 173
  • UPD: 22:51, 05.08.2020

Асы-Түрген астрофизикалық обсерваториясында аспан әлемін бақылау маусымы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кешен Іле Алатауында теңіз деңгейінен 2700 метр биіктегі жота үстінде орналасқан. Қазақстандық астроном-ғалымдар осы обсерваторияға ұлттық мәртебе берілсе дейді. 

Асы-Түрген үстірті Іле Алатауындағы көрікті орындардың бірі. Сондай-ақ, обсерваторияға арналған Орталық Азиядағы ең қолайлы жер. Өңірдегі ірі обсерваторияның құрылысы 1982 жылы басталған. 90-шы жылдары ауыр жағдайды да бастан кешірді. Абырой болғанда екі үлкен телескоп сақталып қалған. Алыс ғарыштағы мыңдаған, тіпті миллиондаған жарық жылдарды қарауға мүмкіндік беретін АЗТ-20 телескопы биіктігі 40 метрлік мұнараға орнатылған. 2018 жылы институт мамандары оның оптикалық сызбасын өзгертті. Телескопты модернизациялаудан кейін оның мүкіндігі артқан. Бұл шетелдік институттардың қызығушылығын тудырып отыр.

Максим Кругов, В.Г. Фесенков атындағы астрофизика институтының жетекші инженері:

– Қазір мәліметтерді жылдам алу маңызды. Өйткені астрономдар халықаралық институттармен байланыста. Ақпаратты тез алып, жылдам зерттеген топ ғылыми жаңалыққа алғашқылардың бірі болып қол жеткізеді. Жалпы, Қазақстанның халықаралық астрономия ғылымындағы беделі жоғары.

Асы-Түрген астрофизикалық обсерваториясында аспан әлемін бақылау маусымы тамыз айында басталып, қазанға дейін жалғасады. Өйткені дәл осы уақытта үстіртте ауа райы қолайлы болады. Биыл карантиндік іс-шараларға қарамастан обсерваторияның жұмысы уақтылы басталды. Қазір Максим Кругов әріптестерімен бірге алыс ғарыштағы гамма-қалдық жарықтануды зерттеп жүр. Бұл құбылыстар әдетте нейтронды жұлдыздар немесе қара құрдымның қосылуынан кейін пайда болады. Шетелдік әріптестерімен ақпарат алмасу спутниктік интернет-хаттамалар арқылы жүзеге асады.

Максим Кругов, В.Г. Фесенков атындағы астрофизика институтының жетекші инженері:

–Біздің Асы-Түрген обсерваториясына ұлттық статус беру керек. Бұл өте маңызды. Өйткені беделді университеттерден білікті ғалымдарды шақыра отырып өзіміздің кадрлық әлеуетімізді күшейтеміз. Осы жерде астрономияға қызығушылығы бар студенттермен шетелдік ғалымдардың басын қосып білім алуға көп мүмкіндік бар.

Шетелдік ғалымдармен тығыз ынтымақтастықта зерттейтін саланың бірі ол жер маңайындағы кеңістіктің ашылмаған қырлары.

Александр Серебрянский, жердің жасанды серіктері зертханасының жетекшісі:

– Бұған геостационарлық нысандар кіреді. Оның ішінде ҚазСат-2 және ҚазСат-3 спутниктері бар. Біз бақылаумен шектелмей орбитаның параметрін зерттегіміз келеді. Бірақ ең бастысы геостационарлық аймақтағы аспан денелерінің бір-біріне жақындауын күнделікті қадағалап тұрамыз. Қауіпті астероидтарда назарда. Бір сөзбен айтсақ Жер шарына қатты жақындаған барлық нысанды бақылаймыз.

Асы-Түрген обсерваториясына ұлттық статус берілсе, Орталық Азиядағы ірі ғылыми орталыққа айналары сөзсіз. Жуық арада жоғары технологиялық телескоптардың саны екі есе артуы мүмкін.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Григорий Беденко, Айдар Әбдешев

 

Хабар 24 телеарнасы