432,62 508,50 5.48
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еңбек мигранттары Қазақстан-Ресей шекарасында тұрып қалған

  • 282
  • UPD: 08:41, 06.08.2020

Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Қазақстан-Ресей шекарасында еңбек мигранттары мен күштік құрылымдардың қақтығысы түсірілген бейнежазба таралды, хабарлайды «Хабар 24».

Деректерге сүйенсек, Орталық Азия елдерінен Ресейге жұмыс істеу үшін барғандар карантинге байланысты Самара облысының аумағында бірнеше ай бойы тұрып қалған. Біздің Оралдағы түсіру тобымыз шекарадағы «Сырым» өткізу бекетінде болып, жағдайды бағамдап қайтты.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Біз қазір Қазақстан мен Ресей шекарасындағы Сырым өткізу бекетінде тұрмыз, осы қалыптасқан ахуал жөнінде қазір жүргізушілерден анықтап білетін боламыз.

Антон Большеглазов, РФ азаматы:

- Жаз бойы тұрған сияқты. Олар кейде су, темекі мен азық-түлік сұрайтын кездері болады. Қазір ол жерде әскерилер көбейген. Менің ойымша, оларды елдеріне қайтару керек қой. Оның үстіне қазір Ресейде де жұмыс жоқ.

Ғалым Өтепов, Орал қаласының тұрғыны:

- Кеше сол Оралдың адамдары жиналып, су, тамақ нандарын апарып тастап едік. Көп болды ғой, 1 айдан асты ғой жатқандарына. Тегін жатқан су жетпей жатыр ғой оларға.

Николай Валюженич, Беларусь Республикасының азаматы:

- Шатырлы қалашықты көрдім. Олар бізден су мен тамақ сұрайды. Бұл жерден 2 айдан бері өтіп жүрмін. Бұл жерде бұрын әскери қалашық болмап еді, жақында олардың саны көбейгенін байқадым.

Зәкіржан Әлімов, Өзбекстан Республикасының азаматы:

- Оларға бір машина немесе автобус керек, орталық транзитқа алып кету керек олардың барлығысын, болды.

Осы мәселеге қатысты еліміздің Сыртқы Істер министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, бұған дейін қырғыз бен өзбек тарапы өз азаматтарын Ресей аумағынан алып кету өту үшін транзиттік дәліз ұсынуды өтінген. Бұл мәселе оң шешімін тауып, тамыздың 4-і мен 5-і күндері Ресейден Қазақстан аумағы арқылы 40 шақты автобуспен 2435 Қырғызстан азаматы және теміржол қатынасы арқылы 2200-дей Өзбекстан азаматы өз елдерінің аймағына шығарылған.

Азаматтарды өз елдеріне қайтару үдерісі екі тәулікке созылған. Тараптар қиындыққа тап болғандардың құжаттарын құнттап, тегін медициналық тексеруді ұйымдастырды. Осылайша, Қазақстан-Ресей шекарасы аумағындағы Саратов пен Самара облыстарынан Қырғызстанның барлық азаматтары Отанына оралуға мүмкіндік алды.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

 

Хабар 24 телеарнасы