424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында көкөніс жинау басталды

  • 177
  • UPD: 21:47, 06.08.2020

Ертіс өңірінің шаруалары көкөніс жинауға кірісті. Биыл қызылша, орамжапырақ пен картоп жылдағыдан ерте піскен. Суармалы егіс алқаптарында әр гектардан 35-40 центнер картоп алынып жатыр. 

Үш ай бойы бір тамшы тамған жоқ.  Орташа температура  35 градустан төмендемей тұр. Топырақтың қызуы одан да жоғары. Қуаңшылық салдарынан көп  жер күйіп кетті. Агрономдар биыл маусымның  күрделі болғанын айтады. Еңбек зая кетпес үшін егіс  алқаптарын күніне бірнеше мәрте суаруға тура келді.

Игорь Ночёвка, бригадир:

- Үздіксіз суарып жатырмыз. Қалай десек те аптап ыстықтың әсері тимей қоймады. Мұндай жағдайда өсімдік күйзеліске ұшырайды. Соған қарамастан өнімнің көрсеткіші жаман емес. Қолайсыз ауа райына шамамыз келгенше  қарсы тұра білдік.

Бүгінгі таңда картоптың ерте пісетін түрінен 1,5 мың тонна өнім жиналған. Өнім ұзақ сақтауға жарамайды. Сондықтан егіс алқаптарынан тікелей базарларға жөнелтіледі. Шаруашылықта жер өңдеу жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Бұл жаңа технологиялардың жемісі. Картоп жиналған алқаптар жыртылып, келесі маусымға дайын тұрады.  

Игорь Ночёвка, бригадир:

- Бұл көктемде артық шығынға жол бермеудің амалы. Бірден топырақты дайындап қоямыз. Бізде өңдейтін жер ауқымы өте көп. Жер жырту  жұмыстары қара күзге дейін жалғасады.

Мұнда өсімдік саласындағы озық технологиялар мен заманауи ауылшаруашылық техникасына баса мән беріледі. Осының арқасында мол өнімге қол жетті. Енді он күнде көкөнісшілер қырыққабат пен қызылша жинауға кіріседі.

Виктор Дубовицкий, бас директордың  орынбасары:

- Қуаңшылық үш айға созылды. Күніне бірнеше мәрте суаруға тура келді. Бұл қалыпты жағдайдан анағұрлым жоғары. Халықта кібісе жыл барлық сала үшін қиын жыл болады деп тегін айтылмаған. Пандемия жағдайында жұмыс істеп жатырмыз. Өте күрделі кезеңге тап болдық. Бірақ біз бәрін жеңеміз. Жақсылыққа сену керек.

Шаруашылық елімізде қалыптасқан жағдайға қарай картопты мейлінше арзан бағаға өткізіп отыр. Бір келісі  65 теңге. Ал оның нарықтағы бағасы екі есе қымбат.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы