429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда соңғы бес жылда тұрмыстағы әлімжеттік екі есеге артты

  • 223
  • UPD: 22:09, 06.08.2020

Наурыздың 16-сы мен тамыздың 5-і аралығында елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың 241 дерегі тіркелген. Өкінішке орай, 33–і қайғылы жағдаймен аяқталды. Бұған дейін де айтқанбыз. Отбасындағы ұрыс-керіс әсіресе карантин кезінде жиілеп кеткен. Бір демде 41 процентке артыпты.

Үйдегілерге жұдырық ала жөнелу, бала-шағаға қоқан-лоққы көрсету жайы жыл сайын артып барады. Соңғы бес жылда тұрмыстағы зорлық көрсету дерегі 2 есеге өскен. Мәселен, 2015 жылы әлімжеттіктің 412 дерегі тіркелсе, былтыр 898-ге жетті. Ал биылғы карантин кезінде жағдай тіптен ушыққан.  

Әсет Оспанов, ҚР Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті бөлімінің бастығы:

- Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы заң үнемі жетілдіріп, ішкі істер министрлігінің бастамасымен 12 рет түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, қорғау  нұсқамасының қолдану мерзімі 10-нан 30 тәулікке дейін ұзартылды.

Десе де, кешенді шаралар қолға алынғанмен, тәртіп сақшылары үйдегі жанжал әбден ушыққан кезде ғана араласады. Шындық осы. Оған қоса кадр мәселесі де қолбайлау. Бүгінде 3 мың учаскелік полицей жетіспейді. Ауыл-аймақтар 1500 тәртіп сақшысына зәру.

Азиза Шөжеева, қоғам белсендісі:

- Ішкі істер министрлігі, әкімдіктер, әлеуметтік қызметтер, білім, денсаулық сақтау министрлігі, қорғау және қамқорлық қызметтері, міне осылардың барлығы жеке-жеке жұмыс істейді. Бірақ, ортақ жүйе жоқ. Осылан үш жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысында қанатқақты жоба іске қосылған еді. Сол кезде Шымкент қаласы әкімдігі жанынан тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу және берекесіз отбасылармен жұмыс істейтін арнайы орган құрылған еді. Алайда, ол қазір жабылды. Сол сияқты, Түркістан облысында да олармен жұмыс істейтін инспекторлар саны қысқарды. Сонда, қазір нені көріп отырмыз? Полицейлер тек іс насырға шапқан кезде ғана араласатын жағдай болып тұр.

Әзірге елімізде 41 дағдарыс орталығы бар. 29-ы ғана зәбір көргендерге уақытша пана. Демек, бірқатар өңірде берекесіз үйден кеткен бала-шағалы қыз-келіншектің барар жер, басар тауы жоқ. Ішкі істер министрлігі жергілікті әкімдіктермен келісе отырып, карантин кезінде оларды қонақүйлерге орналастыруға жағдай жасап, уақытша амалдады. Десе де, тұрмыстағы әлімжеттік мәселесі өзектілігін жоғалтуы екіталай. 

Авторы: Бақыт Топтаева

Хабар 24 телеарнасы