421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Омартаға оңай соқпаған жаз  

  • 216
Омартаға оңай соқпаған жаз  

 

Ақтөбе облысында биылғы жаз ыстық болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жайт көптеген шаруа қожалығын әбден титықтатты. Диқандар мен мал өсіретіндерді айтпағанда, омарташылар да осы маусымда балдың көлемі мардымсыз бола ма деп алаңдаулы. Қапырық ауа райы шағын көлшіктерді кептіріп, сарқырап ағып жатқан өзендерді ортайтып тастаған..

Александр Красильников 6 жылға жуық бал арасын бағумен шұғылданады. Алғашында жай ғана әуестік деп қабылдағанымен, қазір омартасын кеңейтіп, 50 мың жәндікке дейін жеткізген. Бірақ биылғы қуаңшылықтан ағзаға пайдасы мол балдың түсімі аз болады деп топшылап отыр. Себебі ылғалдың аздығынан шырынды дала гүлдері солып қалған. Сондықтан суармалы алқабы бар омарташылардың ғана асығы алшысынан түсіп тұр.

Александр Красильников, кәсіпкер:

– Маған да қазір түйежоңышқа, қызылбас беде сияқты шырынды гүлдерді өсіруге жер телімі қажет боп тұр. Бал аралары үшін қарапайым күнбағыс тапшы. Сондықтан көңілде күдік басым. 

Аса мүмкіндігі болмағандықтан, кәсіпкер омартаны ауласындағы шағын бақшаға орналастырған. Биылғы маусымның алғашқы өнімін де жинап үлгеріпті. Ал келер жылдан бастап ұялардың санын көбейтуді көздейді. Бұл мақсатта мемлекеттік субсидияға иек артуды жоспарлап отыр.

Гүлназ Шөмекеева, Қобда ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы:

– Қазіргі таңда халыққа өзінің шаруасын айналдырып кетуге көптеген қолдаулар көрсетіліп жатыр. Соның ішінде «Игілік» бағдарламасы, «Еңбек», «Бастау бизнес» бағдарламасы. Енді ол кісі келіп, өзінің құжаттарын тапсырса әрі қарай біз барымызша көмегімізді көрсетеміз.

Айта кету керек, биыл Қобда ауданының кәсіпкерлерін қолдауға мемлекеттік бюджеттен 37 миллион теңге қаржы бөлінген. Қазір 10 азамат тиесілі несиеге қол жеткізіп, шаруасына кірісіп те кетті. Сондықтан олардың ісі жанданады деген үміт бар.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов

 

 

Хабар 24 телеарнасы