420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елдегі интернет жылдамдығы Ресейдікінен баяу

  • 228
Елдегі интернет жылдамдығы Ресейдікінен баяу vestikavkaza.ru

Интернет жылдамдығы бойынша Қазақстан Қырғыз елі мен Армениядан алда, бірақ Ресей мен Беларусь Республикасынан кейін тұр.

Бұл – «СпиидТест-Индекстегі» елдің рейтингі. Жалпы, елде интернетке қолжетімділігі бар абоненттердің саны 17,5 млн-ға жетеді. Оның ішінде 15 млн абонент ғаламторға ұялы байланыс арқылы кіреді.

Осылайша былтырғы кезеңмен салыстырғанда интернетке қолжетімділігі бар абоненттердің саны 2,3 процентке өскен. Ұялы байланыс қызметінің 14 млн 800 абоненті жылдамдығы жоғары әрі кеңжолақты интернетті пайдаланады. Фиксациялық интернет қолданушылардың саны 2 млн 600 мыңға жетті. Өткен жылғы көрсеткіштен 2,2 процентке жоғары. Фиксациялық интернет абоненттерінің үштен бір бөлігі тек 3 өңірге тиесілі. Көш басында Алматы қаласы – шамамен 370 мың абонент. Жылдық өсім – 7 процент. Одан кейін елордада 272 мың 800 абонент болса, үштікті Қарағанды облысы түйіндеді. 272 мың 500 абонент. Өсім қарқыны бойынша Маңғыстау облысы алда тұр. Шамамен 11,4 процент. Артынша Қызылорда мен Ақтөбе облыстары келеді. Сәйкесінше, 9,5 және 8,6 процент. Өсім қарқынының баяуы тек елорда мен Шығыс Қазақстанда байқалады.

Отандық әуекомпаниялардың табысы азайды

Отандық әуекомпаниялардың табысы 1,5 есе азайды. Пайданың 95 проценті жолаушылар тасымалынан түсіп жатыр. Еnergyprom.kz порталының мәліметіне сүйенсек, биыл қаңтар-маусым айлары аралығында жергілікті әуе компаниялары 2 млн 300 мың жолаушы тасымалдады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 35,8 процентке аз. Ал маусым айында әуе компаниялары 480 мың 600 жолаушыға қызмет көрсетті. Бұл карантин режимі күшейтілген мамыр айына қарағанда шамамен 3 есе көп. Жыл басынан жолаушылар ағыны 3 млрд 800 млн жолаушы-шақырым болды. Бұл былтырғы көрсеткіштен шамамен 2 есе кем. Осы жылдың қаңтар-маусымында отандық әуекомпаниялар 9 мың 600 тонна жүк пен қол жүгін тасымалдаған. Бұл да бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 22 процентке аз. Мамырмен салыстырғанда маусым айында жүк тасымалының көлемі 12,5 процентке артып, 1 мың 800 тонна болды. Әуе компанияларының жарты жылдың ішіндегі кірісі 99 млрд 200 млн теңгеге жетті.

Солтүстік Қазақстанда егін орағы басталды  

Солтүстік Қазақстанда астық ору науқаны басталды. Бұл туралы өңір басшысы Құмар Ақсақалов әлеуметтік парақшасында жазған. Облыста биыл күзгі орақ әдеттегіден ерте басталды. Бітік шыққан егін көктемнен басталған қарбаластың нәтижесі. Диқандарға енді осы байлықты бір дәнін шашау шығармай жинап алу мақсаты тұр. Облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл 4 млн 200 мың га алқапқа дәнді дақыл себілсе, соның 2 млн 800 мың гектары бидай. Егіс алқаптарын әртараптандыру мақсатында көктемде 932 мың га немесе барлық егістіктің 22% майлы дақыл себілді. Сондай-ақ, 353 га жемшөптік дақыл, 34 мың га картоп және 6 мың га көкөніс егілді. Сондай-ақ, биылғы егін орағына 5 мыңға жуық су-жаңа заманауи техника шықпақ.

«Нарықтағы баға» айдарында жоғары сұрыпты нан құнына тоқталамыз. Елде ең төмен баға Ақтауда. Онда нан бағасы 90 теңгеден басталады.

Сонымен, Қостанайда жоғары сұрыпты нан бағасы 120 тг, Петропавлда 105 теңге. Павлодар мен Көкшетауда 5 теңгеге қымбатырақ. Талдықорғанда 110 тг, Ақтауда 90 тг, Атырау мен Ақтөбеде 100 тг, көрші Оралда 25 теңгеге қымбатырақ және елордада 100 теңгеден басталады.

 Авторы: Мирлан Алтынбек 

Хабар 24 телеарнасы