429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда заңсыз қоқыс төгетіндер азаймай отыр

  • 251
  • UPD: 10:11, 08.08.2020

Оралда қала билігі тұрмыстық қалдықтарды кез келген жерге төге салатындармен аяусыз күресіп жатыр, хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, шаһардың қақ ортасындағы азық-түлік базарларының сатушылары бұзылып кеткен көкөніс пен жеміс-жидекті көше бұрылыстарына тау етіп үйіп тастаған.

Ал, бұған наразылық танытқан сол маңдағы үйлердің тұрғындары бейнебақылау камераларын қойдырған. Бірақ жағдай бұдан кейін де жақсарып кетпепті. Тез пайда табуға асыққан пысықайлар үшін қоқысты полигонға жеткізгеннен гөрі айыппұл төлеген арзанға түсетініне сол өңірдегі арна тілшісі көз жеткізді.

Әлібек Дүйсенғалиев, ЖПҚ Абай полиция бөлімі басшысының орынбасары:

- Енді бұл жерде жаз бойы 20 шақты хаттама толтырдық. Ескертіп жатырмыз, ауызша да. 140-150 мыңдай айыппұл салдық. Бәрібір қоймай тұр іс-әрекеттерін. Мына жерде бейнекамерамыз бар, соған түскен көліктердің нөмірлерін анықтап, хатама толтырудамыз.

Бейнекамералар жазбасында Фрунзе мен Елизаров көшелерінің қиылысына қоқысты көлікпен әкеп төге салатыны тайға таңба басқандай көрініп тұр. Арасында не жоқ дейсің, бұзылған көкөніс пен жемістер, босаған ыдыстар, тіпті құрылыс материалдары да бар.

Мұстахима Айтаханова, қала тұрғыны:

- Бір жұма болды мынаны алмағанына. Біздер қанша жылдан бері қақсап жатырмыз, сыртқа шыға алмаймыз. Есік аша алмаймыз. Мүлдем жинамайды мынаны. Ана жерге камера да қойды, бәрібір нәтиже жоқ. Бүкіл базардың бәрі әкеледі, Құрбан айт болды содан бері жиналған жоқ. Солай жатыр.

Рафхат Данағұлов, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарушы мекеменің директоры:

- Қазіргі таңда көріп тұрғаныңыздай, мына контейнерлерге біздің техника жақындай алмайтындай жағдай болып тұр. Себебі, бұл артымыздағы қоқыс ол 2-3 күнде жиналған мусор. Және де бұл контейнерлік алаңға тастауға, алып кетуге болмайтын қоқыс болып табылады. Себебі үлкен ірі габаритті қалдық. Біздің бар техника мынадай қалдықтарға арналмаған. Біздің көліктерге сыймайды олар.

Тұрғындардың айтуынша, кәсіпкерлерге салынатын айыппұл көлемі тым аз. Ал, қалдықтарды полигонға апару үшін жүк көлігін жалдау одан бірнеше есеге қымбатқа шығады екен. Коммуналдық сала мамандары мұндай қоқыс орнын тазалау тарифі 100 теңгеге қымбат болуы тиіс дейді. Ал, қала билігі бұл мәселені былай шешпек ниетте.

Абат Шыныбеков, қала әкімі:

- Олар заңсыз қоқыс төккені үшін 5 мың теңге айыппұл төлейді, ал қоқысты шығару үшін компания 100 мың теңгеге көлік жалдайды, ойлап қараңыз. Мына қалдықтың 80%-і ол біздің кәсіпкерлердің, осы жерде орналасқан сауда орындарының қалдықтары.

Қала аумағы жыл санап өсіп келеді. Мамандардың дерегінше, күн сайын қаладан 5 мың текше метрдей тұрмыстық қалдықтар шығарылады екен. Сондықтан келешекте осындай жерлерге қосымша 250 контейнер қойылмақ. Сонымен қатар ендігі жерде қала келбетіне нұқсан келтіргендердің есімдері баспасөзде жарияланып тұратын болды.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы