429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алакөлдің Алматы облысындағы жағалауын нығайтуға 5,8 млрд теңге бөлінді

  • 290
  • UPD: 15:43, 08.08.2020

Алакөлдің Алматы облысындағы жағалауын нығайтуға мемлекеттік қазынадан 5 млрд 800 млн теңге бөлінді. Оған Көктұма мен Ақши ауылының іргесіндегі жалпы ұзындығы 13 шақырымдық жағалау жөнделеді.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

– Алакөлге демалуға келіп, опық жеп қалып жатқан отбасылар да аз емес. Міне, жаңа ғана Көктұма ауылының маңында жар құлап, 17 жастағы қыз баланы топырақ басып қалды. Өкініштісі, ол оқиға болған жерде көз жұмды.

Алакөлде биіктігі 13 метрлік мынандай тік жарлардың құлауы жиі қайталанып тұрады. Түбін толқын ұрған соң жоғарғы жағындағы салмағы зіл батпан сары топырақ өздігінен опырылып түседі. Жар құлай-құлай, жағалаудағы демалыс орындарына да жетіп қалды.

Гүлжан Жұмағұлова, Қаскелең қаласының тұрғыны:

– Жағажайдағы қауіпсіздік шараларын кішкене ретке келтірсе. Мына жарларды нығайту керек. Қауіпсіздік амалдарын жүргізу керек сияқты. Енді адамдар да түсуге болмайтын жерлерге бармау керек қой, біріншіден. Екіншіден, жағажайларды бекітіп, құламайтындай шаралар істелінсе, ондай қайғылы жағдайлар болмас еді.

Көктұмада биыл 3 шақырымдық, ал Ақши ауылының маңында ұзындығы 10 шақырым жағалау нығайтылады. Оған мемлекеттік қазынадан 5 млрд 800 млн теңге қаралды.

Дәурен Қанағатов, Алакөл ауданы әкімінің орынбасары:

– Қазіргі күні анықталған мердігермен уақытша орналасу орны дайындалды. Көл жағасына баратын жол қазір салынып, дайындалып жатыр. Міне, осы тамыз айының 20-нан бастап нағыз жобаға сәйкес жұмыстар атқарылады. Ол жаңағы көл жағасын күшейту жұмыстары.

Қайта келісімнен өткен бұл жобаға сәйкес, қада қағылып, жағалау табиғи тастармен нығайтылады. Ал оның үстінде ені 3 метрлік жаяу жүргіншілер жолы мен велотрек болады. Тік жарларды кесіп алып тастайды. Келісімшарт бойынша бұл нысан алдағы жылы қараша айында пайдалануға берілуі тиіс.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Жеңіс Әбдірешев

Хабар 24 телеарнасы