429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда үй қабырғаларына дәрігерге арналған мурал бейнеленді

  • 622
  • UPD: 15:43, 08.08.2020

Еліміздің біраз өңірінде коронавируспен күресіп жүрген жандарға алғыс білдіретін бірнеше мурал пайда болды. Қылқалам шеберлері бұл еңбектері болашақта дәрігерлердің жанкешті еңбегін еске салып тұратынына сенімді. Сондықтан бар өнерлерін салуда. Көп қабатты үйлердің қабырғасындағы ерекше туындыларды тұрғындар да жоғары бағалап жатыр.

Түркістандағы көп қабатты үйлердің қабырғасында ерекше муралдар пайда болды. Шаһардағы «Сауран» мөлтек ауданындағы үйлердің сыртында жергілікті суретшілердің қаламынан туған ақ халатты жандардың бейнесі пайда болды. Шығармашыл жандар қауіпті індетпен күресте аянбай еңбек еткен ақ халатты жандарға деген құрметін осылай білдіруді жөн көріпті. Бұған дейін де олар Қожа Ахмет Яссауидың бейнесін, Абайдың даналық сөзі жазылған суретін бейнелеген еді. Алдағы уақытта  Әл-Фарабидің, Алаш арыстарының және ұлы Отан соғысы батырларының бейнелерін кескіндейтін  мұндай муралдардың тағы бірнешеуін салмақшы. Қаржы бюджеттен бөлінеді.

Рашид Аюпов, қала әкімі:

- Түркістан қаласында жыл сайын көптеген тұрғын үйлер салынып жатыр. Саны көбейіп жатыр. Осы қаланы әдемілеп, әсемдеу үшін енді ары қарай тек қана мүсіндер емес, қосымша басқа тақырыптарда да жалғастыратын боламыз. Егер жастар тарапынан ұсыныстар түсетін болса.

Қарағандыдағы көп қабатты үйдің қабырғасындағы бұл туынды «Толқын» деп аталады. Авторы Шыңғыс Қасымов. Суретті бір апта ішінде салып бітіріпті. Сапалы бояудан салынғандықтан ұзақ жылға дейін сақталады, - дейді. Бұл қаладағы төртінші мурал. Бұған дейін броконьерлер қолынан қаза тапқан қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің, батыр Нүркен Әбдіровтің және биші Шара Жиенқұлованың суреті салынған болатын. 

- Маған ұнайды. Әдемі көрінеді өйткені. Сурет болмаса как-то скучно, онша емес болушы еді. Ал мына сурет қаланы әдемі қылып тұр.  

- Жақсы. Ұнады өзіме. Осындай қылып сала берсеңдер болды, еңбектерің жемісті болсын.

- Көбірек салса бір ғанибет болушы еді. Бос тұрған көп үйлер бар ғой. Көзге көрінетін жағына жазушылардың бейнесін, қазақтың ою-өрнегі мен  киіз үйін ұлттық тәрбиеде салса, соған қуаныштымын.

Талдықорғандағы Әбу Насыр Әл Фараби,Керей мен Жәнібек хандар, Абай Құнанбаев,  Айдын Айымбетов, Геннадий Головкинге арналған муралдардың қатары тағы бір туындымен толықты. Бұл да дәрігерлерге арналады.

Еркеғали Иманғали, суретші:

 – Енді бұл ой бізге қазіргі уақытта жүріп жатқан пандемияға байланысты біздің дәрігерлерді қолдау мақсатында жасалып отыр. Көріп жатырмыз жан-жақтан, дәрігерлер ұйқы көрмей, үй көрмей, больницада өмірлерін сүріп наурыз айынан бастап, соларға қолдау, елдің есінде мәңгілік қалатындай қылып, сондай оймен жасалған. Бүгін таңертеңнен бастадық бояп, бұйырса осы аптаның аяғы, келесі аптаның басында бітіріп қаламыз.

Өңірлердегі қылқалам шеберлері  медицина қызметкерлеріне мадақ ретінде қаламынан туған төл туындыларын арнауда. Суретшілер өз бастамасына қолдау білдіріп, қажетті бояумен қамтамасыз еткен жергілікті билік өкілдеріне алғыс айтады.

Хабар 24 телеарнасы