423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында қымыз өндірісі екі есе өскен

  • 203
  • UPD: 17:39, 08.08.2020

Алматы облысы Көксу ауданында биыл қымыз өндірісі екі есе өскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, былтыр аймақ шаруалары күніне  700 литр жылқы сүтін сатса, биыл мың жарым литрге дейін жеткізіпті. Бұған мыңда бір дертке дауа болатын ұлттық сусынға деген сұраныстың артуы себеп.

Аян Әділбаев ата кәсіпті тіршілігінің тірегі әрі табыс көзіне айналдырған. Төрт жылда ол өзінің тұрақты тұтынушыларын қалыптастырыпты. Күн сайын ашытатын 30-40 литр қымызы солардан артылмайды екен. 

Аян Әділбаев, шаруашылық жетекшісі:

– Бала шағамды жаздай осымен асыраймын. Орта есеппен 250-300 мыңдай табам ғой айына. Сол жетеді бәрімізге.

Оншақты биені күніне төрт рет күнделеп сауу оңай емес. Машақаты мол істе шаруашылық жетекшісіне 8 жастағы ұлы Әлихан көмектесіп, қолғабыс етеді.

Әлихан Аянұлы, А.Әділбаевтың ұлы:

– Құлын шығарам, бие күнелеймін. Қамап берем биені. Құлынды емізем, бие иген кезде құлынды тартам да құлын қораға қамаймын.

Қымыз алғысы келетіндердің көптігінен отбасы өнімін бұрынғыдай  қалаға тасымайтын болды. Тіпті, қазір тапсырыс қабылдауды да қойған. Өйткені алдын ала жазылып, ақшасын беріп қойғандармен есептесіп үлгермей жатыр.    

Айнұр Сейітбатқалова, А.Әділбаевтың жары: 

– Бір ай бұрын тапсырыс беріп қояды. Мына дәптерге жазып қоямыз. Тұтынушылардың тапсырысын құмыраға құйып қоямыз. Былтыр осындай көп тапсырыс болған жоқ.  Өзіміз апарып тұратынбыз. Былтырғыдай көп қалаға апармаймыз, өздері үйден келіп алып кетеді.

Еркін Бейсенов,  Қабылиса ауылдық округінің әкімі:

– Біздің округ бойынша 10 шаруашылық қымызбен айналысады. Күніне 50 литрден сауса, он шаруа қожалығы 500 литр күніне өткізіп отыр ғой. Былтырлары қиын болатын. Қымызды ешкім алмайтын. Қиыншылықпен анда мында тасып жүріп өткізетін. Биыл өздері келіп, тапсырыс беріп, алып тоқтатпай жатыр.

Көксу ауданының шаруалары күн сайын мың жарым литр қымызды облыс орталығына жіберіп отыр. Шаруашылықтағылардан арнайы алдырып ішетіндер де бар.

Мирас Оспанов, Талдықорған қаласының тұрғыны:

– Көксу ауданы Қойбыш деген ауыл бар, сол жерден алдырамыз. Ол жақтың тауынан алдырамыз. Таудың қымызы деген мықты болады. Шөбі майса болады. Қымызды сүйіп ішеміз. 10 литрдей алдырамыз.

Ерболат Шалдыбеков, ҚР мәдениет қайраткері:

– Жастаймыздан қымыз ішіп өстік, біріншіден, беріден келе ұлттық тағам болғандықтан  әр жаз сайын отбасымызбен арнайы алып, бие байлаған ортаға барып, ішіп тұрамыз.  Елде індет болғалы бері медицина саласының мамандары індетке қуат болады дегелі бері жиілеттік.

Екі жыл бұрын Көксу ауданында 6 мыңға жуық жылқы болатын. Қазір оның саны 6500-ге жетті. Қамбар ата төлін баққан жылқышылар биыл жайлаудан етекке ерте түсіпті.

Сенбек Жаманқұлов, жылқышы:

– Биыл енді тауда жаңбыр болмағандықтан от ерте қашты. Қазір егінге түсіп кетпесін деп елдің еңбегін еш қылмайық деп күндіз-түні бағып жүрміз. Күндіз-түні шапқылап жүрміз.

Ұлттық сусын өндіріп отырған шаруалар үшін биыл мал азығын дайындау қиынға соғып тұр. Өйткені жауын-шашынның аз түсуінен өңірде көктің шығымы төмен болды. Сондықтан малшылар қазір таулы аймақтағы шөпті орып, барынша қысқа қамданып жатыр.  

Авторлары: Шыңғыс Қалиден,  Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы