426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыда Damumed қосымшасы төңірегіндегі дау-дамай ушыға түсті

  • 282
  • UPD: 19:36, 08.08.2020

Еске салсақ, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мамандары дәрігерлердің атқармаған жұмыстарын аталмыш қосымшада «атқарылған» деп көрсеткенін анықтаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Денсаулық сақтау басқармасының мамандары осы төңіректе азаматтардың әр-бір өтініші жеке-жеке қаралады деп отыр.

Қарағандылық Камила Қайырбекова DamuMed қосымшасына кіріп, баласының 9 бірдей дәрігердің қабылдауында болып, тіпті кеңесін алғаны туралы ақпаратты көріп жағасын ұстаған. Себебі жас баланың осынша істі жалғыз атқаруы мүмкін емес, ал өзінің ауруханаға барып олай сабылғаны есінде жоқ. Мәселенің мән жайын білмекке бүгін өзі тіркелген емханаға арнайы келген.

Камила Қайырбекова, қала тұрғыны:

– Шағымым көп болды. Пациенттерді қолдау орталығына хабарласқан едім, олар бала мектепте оқып жүрген кезінде дәрігерлер келіп тексерген деді. Баламнан сұрасам, жалпы мектептік тексеру болған деп отыр. Осында келіп,  тіркеу журналында көрдім. Енді ғана сауалдарға жауап алғандай болдым.

Негізі аталмыш қосымшаның тиімді тұстары көп. Солардың бірі, осындай «жалған қабылдауды» байқаған жағдайда бірден жағдаяттық орталыққа шағым түсіруге болады.

Евгений Щербов, денсаулық сақтау басқармасының жағдаяттық орталық жетекшісі:

– Қосымшаға кіріп, жалған қабылдауды басамыз да, «бұл қабылдау болған жоқ» деген батырманы басасыз. Қажет жағдайда тіпті пікір қалдыруға болады.Ол медициналық сақтандыру қорына барады да,  егер қабылдау  1500 теңге шамасында болса, емханадан жалған ақпарат бергені  үшін ол 3 есе көлемде қайта өндіріліп алынады.

Бұдан бөлек, дәрігердің жалған қабылдау жүргізгені анықталса, өзі қызмет ететін емхананың басшысы тарапынан да жазалануы мүмкін. Бірақ Қарағандыдағы жағдаяттық орталыққа жыл басынан бері тек 10 шақты өтініш келіп түскен.   

Сәния Боранқұлова, қалалық №3 емхана директоры:

– Бізде дәрігерлерге қосымша диффиренциалдық төлемдер бар.  Бұл жақсы қызметі үшін нормативті ынталандыру деуге болады.  Егерде мамандарымыздың жұмысынан олқылықтар анықталса, емхана басшысы ретінде қатаң жазаға тартып, сол  төлемдерінен айыруымызға мүмкіндігіміз бар.

Damumed қосымшасы осыдан 3 жыл бұрын Қарағанды облысында жасалған. Қазір оны пайдаланушылар саны 3,5 млн-нан асып жығылды. Алдағы уақытта қосымшаның функциялары тағы да жетілдірілмек. Бірақ кейбір қызметті енгізу үшін заңдық нормада өзгерістер қажет. Атап өткен жөн, медициналық сақтандыру қорының ақпаратына сай жыл басынан бері республика бойынша дәрігерлер мың жарымға жуық жалған қабылдау жүргізген. Оның жалпы сомасы 75 миллион теңгеден асып жығылған.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы