428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы базарларында санитария талаптары сақталып жатыр ма

  • 245
  • UPD: 22:04, 08.08.2020

Алматы қаласы Жетісу ауданының мобильді топ мүшелері осы күнге дейін санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамағандардың үстінен 200-ден астам хаттама толтырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әкімшілік жауапқа тартылғандардың арасында қарапайым азаматтар, жеке кәсіпкерлер және ірі базарлар бар. Ел арасында «Барахолка» атанған базарлардың дені Жетісу ауданында орналасқан.

Ұлан Нарынбек, тілші:

– Жұмыс күндері Алматы барахолкасында адам көп болмайды. Ал сенбі, жексенбі күнінде мұнда тірліктің қыз-қыз қайнайтынын айта кеткен жөн. Әсіресе, оны мына автотұрақтан байқауға болады.

Әйтеуір базар маңынан орын табу оңай емес.  Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде жарияланған мына видео көп адамның ашу-ызасын тудырды. Алтын, күмісті екі ғимараттың ортасына сатуға шығарып қалың халықты жинаған базар иесінің бұл әрекеті кәсібін қайта бастай алмай отырғандардың шымбайына қатты батты. Кеше Жетісу ауданының әкімі ережені елемеген базар иесіне 860 мың теңгеден астам айыппұл салынғанын жариялады.  Ал бүгін алтын бұйымдардың басқа, анағұрлым ашық жерде сатылып жатқанын байқадық.

Әсима Есімбаева, тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бб жетекшісі:

– Апта сайынғы рейдтер біраз сатушылардың маска тағу керек деген ережені ескермейтінін көрсетіп отыр. Кейбір базар басшылары әлеуметтік арақашықтықтың сақталуын қадағаламайды. Осы аптада екі заңды тұлға атап айтсақ Байсат және Алатау базары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, кейбір сауда нүктелеріне де айыппұл салынды.

Базарлардың кіре берісіне санитарлық душ пен антисептиктер қойылған. Бірақ ішке кірген соң маскасын шешіп тастайтын немесе иегіне түсіріп қоятындар жеткілікті. Контейнерлерге 5-6 адамнан кіріп алатын жайттар де жиі кездеседі. Әсіресе, киім сататын жерлерде адам көп.

Алматының барахолхасындағы сауда үйлері мен орталықтары әзірге жабық тұр. Олардың қашан ашылатыны белгісіз. Қазіргі уақытта жеке бастың тазалығына ерекше көңіл бөлген жөн. Қатты мұқтаждық болмаса адам көп шоғырланған жерге бармаған абзал.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы