426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бестөбе шатқалына демалушылар табиғатқа орны толмас зиян келтіруде

  • 261
  • UPD: 15:55, 09.08.2020

Ақмола облысындағы тағы бір орын туристер арасында ерекше танымал болды, хабарлайды «Хабар 24».

Қаладан қашық орналасқанына қарамастан, онда барып демалушылар күн санап артуда. Ол – Бестөбе шатқалы. Ішкі туризмнің дамығаны жақсы. Бірақ онымен қатар табиғатқа орны толмас зиян тиюде. Экологиялық мәселенің алдын алу мақсатында мамандар арнайы рейд өткізді.

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:

- Біздің түсірілім тобы елордадан сапарға шықты. Бестөбе шатқалына жеткенше 5 сағат уақыт жоғалттық. Оның жартысы тақтайдай тегіс жол. Қалғаны тасты, топырақты далалық жол. Әрине, біраз машақат көрдік. Бірақ таза ауа, табиғаттың мынадай сұлулығын көргенде шаршауымыз бір сәтте ұмытады.

Ақмола облысында Бестебе атауы алтын кендерімен белгілі. Жуырда ғана ол көпшілікке туристік қырымен таныла бастады. Табиғат ананың шеберлігі қандай десеңізші?! Мұнда келген әр турист адам қолымен жасауға келмейтін жағажайдың сан түрінің куәсі болады.

Өзге демалушылардың да айтары осыған ұқсас. Басым бөлігі Бестөбе демалуға болатынын әлеуметтік желіден естіген. Міне, содан соңғы бір айда туристер ағыны артқан. Ол Көбейтұз көліне адамдардың келуіне тыйым салынғандығымен де байланысты деген болжам бар. Қош, онда тұрған не бар дерсіз. Енді мына көрініске назар аударыңыз. Демалушылардан қалған қалдықтар қатарында пластикалық ыдыстардан бөлек шұлық, айтуға ұят, тіпті іш киімге дейін жатыр. Кәуап пісіргеніне не дейсіз. Соның кесірі болар, тіпті 4-5 гектар жер өртеніп кеткен. Осы маңда мал бағып жүрген Жасұлан Мақатов ерлепті. Қолындағы шүберегімен қызыл жалынды ауыздықтап, өрт сөндірушілерді шақыртқан.

Жасұлан Мақатов, Бестөбе ауылының тұрғыны:

- Мына жерде кісілер жатыр екен. Мына жерде бір палатка болды. Мен арғы беттен тұрып айқайладым, «ей жігіттер, сөндіріңдер-сөндіріңдер деп». Ааналар күліп, қарқылдап тұр. Мен арғы беттен малтып өткенше олар машинасына мінді де қашты. Бестөбенің әкіміне звондадым, өрт сөндірушілер келіп, тез сөндіріп алдық. Үш жылдан бері осылай жеріміз жанып кетіп жатыр. Ана жылы Павлодарға дейін кетіп қалды өрт.

Ішкі туризіммен қатар осылай экологиялық мәселе туындауда. Сақтық, тазалық жайын нисихаттау мақсатында Экология министрлігімен жергілікті билік өкілдері рейд жасап, насихат, түсіндіру жұмыстарын жасауға кірісті.

Ермек Омаров, Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағсының орынбасары:

- Біз қазір тек ескертумен ғана шектелуге мәжбүрміз. Табиғатқа зиян тигізетін жауапсыз адамдарды анықтасақ та оларға айыппұл салатындай құзыретіміз жоқ. Қазір заң жүзінде оны бекіту үшін тиісті дайындық жасалуда. Жаңа өздеріңіз кердіңіздер, мұндай қарқынмен шатқалға келесі маусымда келіп демалу мүмкін болмай қалатын сияқты.

Айта кету керек Бестөбе демалыс орны ретінде ресми түрде бекітілмеген. Сондықтан да мұнда қоқыс салатын жәшік, не оны тазалайтын арнайы маман жоқ. Бәрі демалушылардың ұятына байланысты.

Гүлназ Ұйқасбайқызы, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Дүкенде сататын мынандай қаптар бар ғой, соған салып өзімізбен алып кетеміз. Қоқыс қалдырмаймыз. Қоқыс тастайтын бак жоқ қой, сондықтан өзімізбен бірге алып кетеміз.

Бестөбе шатқалы елордадан 250 шақырымдай қашықтықта Ерейментау ауданында орналасқан. Сондай-ақ оған Степнагорск қаласы арқылы да баруға болады. Шатқалды көрсетумен қатар бағытында меңзеп отырмыз. Айтылғанды негізге алып, осында келе қалсаңыз, өзгелердің жағымсыз әдетін қайталамайды деп сенеміз. 

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы