423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте агроиндустриалды аймақ құрылады

  • 218
  • UPD: 17:36, 09.08.2020
Шымкентте агроиндустриалды аймақ құрылады

Шымкентте Тұңғыш Президент - Елбасының тапсырмасына сәйкес жыл соңына дейін агроиндустриалды аймақ құрылады.

Қазір қалалық ауыл шаруашылығы басқармасы 2 кезеңді қамтитын жол картасын әзірлеуде.

Жобаға сәйкес, алдымен шаһарда жылыжай шаруашылығы дамытылмақ. Ал екінші бағытында қала іргесіндегі «Бозарық» елді мекенінен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеп, тамақ өнімдерін өндіру қолға алынбақ. Агроиндустриалды аймақта инфрақұрылым жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама мен сараптамалық қорытынды дайындалуда. Сонымен қатар қалада биыл 20 гектар жерде заманауи жылыжай кешені іске қосылады. Қазір оның 9 гектары игеріле бастады.

Мамандардың айтуынша, жылыжайда қызанақ пен қияр өсіріліп, мол өнім алу жүйесі ойластырылған. Жылыжайда қосымша 1,5 га көшет өсіруге арналған кешен де салынған. Бұл қаладағы шағын жылыжайларды көшеттендіру жұмысын жолға қоймақ. Былтыр шаруалар осы жердегі 3 гектардан 750 тонна өнім алған. Тамшылатып суару әдісімен өсірілетін қияр мен қызанаққа мейрамхана және дәмханалардан тапсырыс көп. 

Замир Калиев, агроном:

- Біздің шаруашылығымыз енді аяққа тұрып келеді. Биыл жаңа жылдан бастап іске кірістік. Алғашқы өніміміз жақсы шықты. Тағы 3 гектар аумақтағы жылыжайға қияр отырғыздық. Күздің орта тұсында өнім жинаймыз. Қызанақты көшетінен бастап өзіміз дайындаймыз. Ал жылыжай шаруа қожалығында жалпы 70-тен астам адам еңбек етуде.

Әбунасыр Жанбатыров, қалалық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Агроиндустриалды аймақ құру тапсырмасы бар. Соған сәйкес біз екі кезеңді қамтитын жол картасын дайындадық. Бірінші кезеңде 40 гектар жерге жылыжай кешендерін салсақ, негізі ол 136 гектар аумақ соның ішінде 100 гектарына жылыжай құрамыз деп жоспарлап отырмыз. Бірінші кезеңге жобалар өздеріне қажетті жер телімдерін алды. Қазір тегістеу жұмыстары басталуда.

Хабар 24 телеарнасы