426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биыл Қостанай облысында 29 елді мекенге сапалы ауыз су тартылады

  • 180
  • UPD: 17:51, 09.08.2020

Тозығы жеткен су тарту желілері мен құбырлар да жаңартылады. Барлық жобаларды жүзеге асыруға 15 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Мысалы, Сарыкөл ауданында жыл соңына дейін екі ауыл орталықтандырылған су желісіне қосылады.

Меңзипа Шайсұлтанова аптасына екі рет үйдегі бос құтыларды көшеге шығарып қояды. Автоцистернаны күтумен болады.  

Меңзипа Шайсұлтанова, Сорочин ауылының тұрғыны:

- Жиырма жылдан асты осы флягтарды шығарамыз, кіргіземіз. Мен флягтарды бос болса шығарамын. Жолдасым мен балам сол флягтарды үйге кіргізеді. Сусыз жағдай өте қиын. 

Сорочин ауылының тұрғындары судың мұндай зардабынан биыл құтылады. Сыйымдылығы 150 текше метрден болатын сорғы станциясының құрылысы мамыр айында басталған. Тіршілік көзіне қосылуға ниеттілер күннен күнге өсіп келеді екен.   

Берік Қалмұратов, Сорочин ауылдық округінің әкімі:        

- Әр үйдің заборына шейін жүргізіп береді. Қосылу құны 9 мың теңге. Қазып құбырын тастап, жауып беру метрі 3500 теңге. Екі көшемен келісім тізіп қойдық. Қазір тағы екі көшені бітеді. Келесі аптада тағы келісім шарт жасаймыз.

Орталықтандырылған ауыз су жүйесі 600-дей тұрғыны бар Севастополь елді мекеніне де жетеді. Қазірдің өзінде 16 шақырымға жуық құбыр тартылып, 11 құдық қазылды.

Александр Саенко, Сарыкөл ауданы сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы:  

- Ауылда сорғы стациясы пайда болса әркім кез келген уақытта өз үйіне қажетті суды толтырып алады. Резервуарда 100 текше метрге дейін су болады. Тұрғындар үшін бір текше метр судың құны 30 теңгеден аспайды.

Жалпы облыста биыл 57 сумен қамту және су тарту жобаларының құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіледі. Ал орталықтандырылған су жүйесіне қосылатын ауылдардың санын 174-тен 189-ға дейін ұлғайту мақсаты қойылған.

Дәурен Асқаров, облыстық энергетика және ткш басқармасының басшысы:

- Жобалар «Нұрлы жер», «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары арқылы іске асырылады. Бүгінге дейін 5,8 млрд теңгені игердік Биыл 31 нысан жөнделсе, онда 31 мың тұрғыны бар ауылдар сапалы ауыз сумен қамтылады. Сонымен бірге төрт қалада тозығы жеткен су тарту желілері мен құбыр жүйелері жаңғыртылады.

Алдағы уақытта  40 жобаның сметалық құжаты дайындалады. Өз кезегінде бұл сапалы ауыз суға 67 ауылдың немесе 72 мың адамның қолын жеткізеді.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы