429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

  • 272
  • UPD: 15:23, 10.08.2020
Елордада Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Елімізде алғаш рет аталып өтіп жатқан мерекеге орай мемлекеттік хатшы, мерейтойлық комиссия төрағасы Қырымбек Көшербаев бастаған бірқатар мемлекет және қоғам қайраткері данышпан ақынның рухына тәу етіп, құрмет көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кетейік, мұндай салтанатты рәсім еліміздің әр түкпірінде өтіп жатыр. Абайдың туған күні енді халықтық мерекеге айналды. Ал ақынның өлеңдері мен қара сөздері, философиялық толғамы өзектілігін жоймаған, керісінше ұрпақтан ұрпаққа бағдар болып келеді. Іс-шараға келген зиялы қауым өкілдері Абай биігінің ешқашан аласармайтынын жеткізді.

Дәулеткерей Кәпұлы, айтыскер ақын:

– Біз Абайды жалғыз дейміз, Абайды дара дейміз. Ақындардан Абайдың биігіне көтеру дәрежесін іздеуіміз қажет. Абай дәрежесіне көтерілу деген екінің бірінің қолынан келмейді. Абайдың қазақтың бойынан көргісі келетін жақсы қасиеттерді, Абайдың қазақтың бойынан аластатқысы келетін жаман дүниелерді, әдеттерді қазіргі ақындар да жырлап жүр. Бірақ Абай атаның тіліне, өресіне ол ақындар жете қойды деп айтуға әзірге ертерек секілді.

Мырзатай Жолдасбеков, мемлекет қайраткері, ғалым:

– Абайдың қазақты сынамаған жері жоқ. Бірақ сөйте тұрып, қазақты жанындай сүйген. Өкініштісі, Абай сынаған көп әдеттен арылғанымыз жоқ. Қайта оның үстіне бірталай қасірет қосылды. Біз осыдан түгел арылуымыз керек. Абайды қайта оқу керек. Абайды түсініп оқу керек. Сол кезде Абайға табынатын болады. Абайға табынған сайын еліміз де жақсара береді.

 

Хабар 24 телеарнасы