427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Авторлық құқық бойынша қылмыстық істер көбіне сотқа жолданбай қалады

  • 245
  • UPD: 11:07, 11.08.2020

Биыл елімізде авторлық құқыққа қатысты 12 қылмыстық іс тіркелді. Үшеуі бойынша сот үкімі шығып, кінәлілер жауапқа тартылды. Жалпы мұндай заң бұзушылық үшін 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған. Бірақ көп жағдайда тараптар өзара келісіп, қылмыстық іс сотқа жолданбай қалады.

Елімізде авторлық құқықты бұзу деректері жиілеп кетті. Шығармашылық өкілдерінің алаңдауына негіз көп. Ал ішкі істер органдары арыз-шағым түскен бойда тиісті шара қолдануға асыққанымен, автордың арнайы куәлігі немесе өз туындысы екенін растайтын құжат болмай шығады. Соған қарамастан, биыл шығармашылық еңбекті рұқсатсыз пайдаланғандарға қатысты 12 қылмыстық іс қозғалды.  

Әлібек Оразалы, ҚР ІІМ криминалдық полиция департаментінің ресми өкілі:

- Негізінен тіркелетін қылмыстыр авторлық әндердің айтылуында. Сонымен қатар бағдарламалық қамтамасыз ету, заңсыз таратулар, оларды заңсыз тарату.

Елордалық фотограф Әлібек Ыбыраевтың авторлық құқығы бірнеше рет бұзылған. Оның еңбектері Қазақстан ғана емес, шет елдерде танымал. Соның бірі - былтыр қаскөйлер қолынан қаза тапқан қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің суреті. Марқұмның дала еркесіне деген қамқорлығын бейнелеген бұл туындыны бірқатар қазақстандық сайт авторға сілтемесіз жариялады. Бұдан бөлек тағы бір суреті халықаралық көрмелерде рұқсатсыз көрсетілді. 

Әлібек Ыбыраев, фотограф:

- Мекеме қызметкерлері басшылығымен кездесу өткізеді. Бірақ «сен оны дәлелдеп бер» деп, дөрекі түрде болғаннан кейін реніш болды. Басшылықтың мәдениетсіздігі деп білемін. Сен біреудің жұмысын қолдана отыра авторлық құқықты сақта немесе оның бағасы бар. Сол кезде казпатент деген мекеменің бар екенін біліп, заңды біле бастадым.

Әлібектің басынан өткен бұл жағдай өзге де қазақстандық авторларға таныс. Бірақ көбі өз еңбектеріне тиісті құжат алуға асықпайды. Осы қызметті жүзеге асыратын Ұлттық зияткерлік меншік институты соңғы 2 жылдан бері тек 11 мың 500 куәлік берген. 

Мақпал Шұғайыпова, «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК директорының орынбасары:

- Авторлар өздерінің құқығын қорғауға көп уақыт жұмсағысы келмейді. Сотқа барып, әділеттілік талап ету де қосымша қаражатты талап етеді. Өйткені сіз адвокат жалдайсыз, барлық шығынды көтересіз. Сондықтан бұл мәселенің шешімі табылмай қалады. 

Авторлардың айтуынша, кез келген туындыны Әділет органдарында тіркеу қалтаға қонымды бола бермейді. Әлібек секілді фотографтар әрбір кадрге 7 мың теңге төлеуі шарт. Сонда ғана өз еңбегін қорғап, қажет болса табыс табуына мүмкіндік туады. 

Айсана Сман, заңгер:

- Мемлекет автордың пайдасын көбейте алуына жағдай жасауы қажет. Ол үшін екі жаққа да тиімді механизм керек. Сонда ғана автор өз еңбегін тіркеп, материалдық табыс табуға ұмтылатын болады. Себебі ол мемлекеттің заңына иек артуы тиіс. 

Ал шетелде авторлық туындылар арқылы табыс табу жолға қойылған. Мәселен, таяуда әлемге белгілі Элтон Джон, Сиа сынды әншілер АҚШ Конгресіндегі партиядан өз әндерінің саяси мақсатта қолданылғаны үшін өтемақы талап етті.

Айта кетейік, авторлық құқық бұзылған бойда 3 күннің ішінде құқық қорғау органдарына жүгіну керек және қолда арнайы құжат болуы тиіс.

Бұлай болмаған жағдайда қылмыстық іс қозғалмайды.

Сондай-ақ кейде авторлық құқыққа қатысты мәселелер тараптардың келісуімен шешіледі. Мәселен, былтыр тіркелген 16 заң бұзушылықтың тек біреуінде ғана іс сотқа жолданған. 

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы