427,01 518.00 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағындағы бетон құрылыстар алынады

  • 418
  • UPD: 12:25, 11.08.2020
Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағындағы бетон құрылыстар алынады

Қоғамдық кеңес Іле Алатауы ұлттық паркіндегі экотуризмді орнықты дамыту жұмыстарымен танысты, деп хабарлады Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

«Туранга групп» компаниясының директоры Александр Гужавин бүгінгі күні қандай жұмыстар жасалғанын баяндады.

«Автотұрақ жасалып, спорт алаңы орнатылды. Сонымен қатар бізде алғашқы қоғамдық әжетхана құрастырылуда. Сапарлау орталығы, нысандардың барлығы геобұрандамен салынуда. Біз нысандарды тұрғызу кезінде бетон қолданбаймыз, қазаншұңқыр қазбаймыз. Келесі аптада қоғамдық әжетхананы тазарту жүйесін орналастыру дайындығын бастаймыз. Олардың 5-еуі ерлерге, 5-еуі әйелдерге, 2-еуі қозғалысы шектеулі адамдарға арналған», - дейді А.Гужавин.

Оның айтуынша, бұрынғы жерді жалға алған адамдардан қалған бетон құрылыстың бәрін компания алып тастауды ұйғарған. Олардың орнында қоғамдық көлік аялдамасы пайда болады.

Мониторингілеу барысында Қоғамдық кеңес мүшелері Аюсай сапарлау орталығын құрастыру кезеңімен танысып, «Тамыр» жабайы табиғатта болу мектебіне барды.

Жақын арада «Туранга групп» командасы «Тамыр» жабайы табиғатта болу мектебімен бірге жаңа екі жаяу жүргінші жолын салуды жоспарлауда. Бірінші жол «Жас қайың» деп аталады. Онымен кішкентай баласы бар ата-аналар мен үлкен кісілер қыдырады. Екінші жол қозғалысы шектеулі келушілерге арналған. Келешекте жылдам қозғалатын мүгедектер арбасы да сатып алынуы мүмкін.

Еске салсақ, ұлттық парк жанындағы қоғамдық кеңес құрамына 19 адам кіреді. Олардың арасында туристік ұйым өкілдері, ғалымдар, спортшылар, кәсіпкерлер, экобелсенділер, қоғам қайраткерлері бар.

Жоба шеңберінде 155 шақырым жаяу жүргінші жолын салу жоспарлануда. 7 сапарлау орталығы салынған соң келушілер ұлттық парк туралы ақпарат ала алады. Этноауыл, кемпинг, шатырлар лагері, 10-15 нөмірлік глэмпинг (таудағы тұрақ) пен бір караванинг (автоүйлермен саяхаттаушыларға арналған жабдықталған автотұрақ) салынады.

Хабар 24 телеарнасы