429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде кәсіпкерлер қайырымдылық шарасы аясында елуге жуық отбасыға көмек берді

  • 281
  • UPD: 15:45, 11.08.2020

Ақтөбелік кәсіпкерлер «Жақсылық жаршысы» қайырымдылық марафоны аясында мұқтаж отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек берді. Өздері өндіретін азық-түлік тауарлары, дәрі-дәрмек және қауіпті дерттен қорғану құралдарын 50-ге жуық жанұяға таратты. Аутизм ауруына шалдыққан бірнеше баланың да емделуіне көңіл бөлді. 

Кәсіпкерлердің бұл жолғы қайырымдылық шарасы негізінен көп балалы және аз қамтылған отбасыларға бағытталды. Тұрмысы төмен азаматтардың тізімін жергілікті биліктен алған олар, әрқайсысының үйіне апарып берді.

Шара барысында мүгедектер мен туабітті дертке шалдыққан балалар да назардан тыс қалмады. Аутизммен ауыратын бірнеше жеткіншектің емі үшін шипажайға жолдама берілді. Мұндай құрметке қауіпті вирус кесірінен қайғы жұтқан бір отбасы да ие болды.

Гүлнар Сафианова, қала тұрғыны:

- Вирустың тигізген зияны болды. Менің жолдасым ауырып қайтты сол вирустан. Бірақ өмір әрі қарай жалғасады. Мына мен инвалид баланы тәрбиелеп жатырмын. Бұл бізге үлкен көмек, біздің семьямызға, ата-аналарымызға. Біз өте ризамыз.

Игі іс ел бойынша өтіп жатқан «Жақсылық жаршысы» қайырымдылық марафоны аясында ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты коронавирустық инфекциямен күресіп жатқан медициналық ұйымдар мен мұқтаж азаматтарға көмектесу. Шараға қатысуға тілек білдірген жергілікті кәсіпкерлер өздері өндіретін өнімдермен бөлісуді ұйғарған.   

Анар Даржанова, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Тамақтан басқа тұрмыстық бұйымдар да ұсынылуда. Ассортименті кең әрине. Күнбе-күн осы шараға қатысушылар көбеюде. Бүгінгі күні біздің өңірімізде 70-тен астам оттегі концентраторы таратылды. Ол тек облыс орталығы емес, аудандарға да жеткізілуде. Сонымен бірге бізге мына Мәскеуден медициналық костюмдер тапсырылды.

Қайырымдылық марафонын Ақтөбе көрші Сыр өңірінен қабыл алған болатын. Одан әрі кезек Алматы облысына берілмек.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы