426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанның санитарлық авиациясы биыл мыңнан астам рейс жасады 

  • 197
  • UPD: 19:07, 11.08.2020

Биыл санитарлық авиация ауыр науқасқа шалдығып, қатты жол апатына түскен мыңнан астам адамға көмектесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күні кеше ғана мойын омыртқасы сынған әйел ұшақтың көмегімен Үшарал қаласынан Алматыға жеткізілді. «Науқас ұзақ жолды көтере алмайтын болғандықтан әуе техникасын пайдалануға мәжбүр болдық», – дейді дәрігерлер.

Шұғыл медицина мамандарынан құрылған топ Алматы әуежайынан Үшарал қаласына ұшқалы отыр. Арнайы жабдықталған Як-40-пен көпсалалы облыстық ауруханаға ауыр жарақат алған пациентті жеткізу керек. Алакөлге демалуға барған оны машина қағып кетіпті. Көл жағасында турист көп. Ал адам көп болған жерде жазатайым жағдайлардыңда жиі кездесетіні анық. 

Андрей Цой, ҰШМҮО мобильді бригадасының жетекші маманы:   

– Сол жерге жеткен уақытта нейрохирургпен бірігіп науқастың жағдайын тексереміз. Содан соң ол адамды мамандандырылған хирургиялық көмек көрсету үшін облыстық ауруханаға жеткіземіз.

Үшаралға жақындағанда дәрігерлер жеке қорғану киімдерін кие бастайды. Онымен демалу, жұмыс істеу ауыр. Ал әуеде тіпті қиын. Бірақ пандемияға байланысты талап сондай. Өйткені науқастарда коронавирус белгілері болуы мүмкін. Дәрігерлер Үшаралдың әуежайынан  ауруханаға дейін жедел жәрдеммен барады.

Ержігіт Жаркеев, Алакөл аудандық орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі:

– Аптасына 2-3 науқасты санавияциямен қалаға жіберіп жатамыз. Әртүрлі деңгейдегі жарақаттармен. Оның ішінде тірек-қимыл жүйесінің сынықтары бар. Омыртқа жүйесінің, бас ми жарақаттары неше түрлі. Солардың бәрін біз жоғары білікті мамандарға санавиацияның көмегімен жеткізіп жатырмыз.

Үшарал ауруханасының травматологиялық бөлімінде бар-жоғы 20 төсек бар. Бірақ Алакөлдегі аттракционнан құлап, жол-апатына түсіп, жүрегі сыр берген адамдар жиі түсіп тұрады. Шалғай аудандағы ауруханада барлық маман табыла бермейді. Жарақат алған науқас есін білгенімен мойын омыртқасы сынып кеткен. Хал-жағдайын білген соң санитарлық авиация дәрігерлері науқасты ұшаққа жеткізуге тапсырма береді.       

Расул Метербай, дәрігер нейрохируг:

– Алматыға дейін жол ұзақ. Кемінде 8 сағат жүру керек. Оның үстіне жолдың жағдайы да белгілі.  Мойнынан жарақат алған адам тұншығып қалуы әбден мүмкін. Ал санитарлық авиацияның көмегімен бір сағатта жетеміз.

Ұшақ бортында жарақат алған адам үнемі қадағалауда болады. Әуеде турбуленттік аумақ қолайсыздық тудырды. Пациенттің бас ауруы да мамандарды алаңдатпай қойған жоқ. Сол себепті әйелге  ине салынады. Кешке таман науқас облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер аптасына осындай бірнеше ауданға ұшып барып келетіндерін айтады. Жыл басынан бері Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының ұшақтары еліміздің әр өңіріне мыңнан астам рейс жасаған. Нәтижесінде екі жарым мыңнан астам науқасқа көмек көрсетілген. Жалпы құтқару операцияларына 30-ға жуық ұшақ пен тікұшақ жұмылдырылған.            

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Григорий Беденко, Сержан Жұмабаев

 

Хабар 24 телеарнасы