425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елдегі жеделсаты компаниялары аттестациядан өтеді

  • 517
  • UPD: 22:04, 11.08.2020

Елдегі жеделсатыға жауапты компаниялар аттестаттациядан өтуге міндетттеледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір тиісті бұйрық әзірленіп жатыр. Бұл салада ел бойынша 400 компания тіркелген. Бірақ олардың қызметін ешкім бақыламайды. Ал жаңғыртылуы тиіс лифтердің саны 4500-ге жуық.

Зәулім үйлер мен аспанмен астасқан ғимаратқа толы елордада жеделсатыны қолданбайтын жан жоқ, сірә. Өкінішке қарай, оның сапасы сын көтере бермейді. Пайдалануға берілгеніне екі-ақ жыл өткен «Жыл мезгілдері» тұрғын үй кешенінде лифтке қамалған жолаушы көбейген. Мәриям Есқараева соның бірі. «Балаларым үшін алаңдаймын» деген ол құзырлы органнан көмек сұрайды.

Мәриям Есқараева, қала тұрғыны:

– Лифтте баламмен көтеріліп келе жатқан едік. Лифт тоқтап қалды. Ішінде көп тұрмадық, 2-3 минут қана. Сонда да өте қорқынышты. 2-подъезде болған оқиғадан кейін. Көршілердің бәрі жиналып, дабыл қағып жатырмыз. Өйткені көп көршіден естиміз. Бірінші жағдай емес.

Көмек келгенін күтпей, өз бетінше әрекет еткендер қаншама. Сәтпаев көшесіндегі 20-үйде 10 жеделсаты бар. Екеуі істен шыққан. Бұған дейін тұрғындар әрқайсының техникалық арқанын ауыстырған болатын. Бірақ мәселе мұнымен шектелмеген.

Елена Никольченко, тұрғын үй диспетчері:

– Жеделсатымен кетіп бара жатқанда өзіңді салдырлаған жүк көлігінде отырғандай сезінесің. Даңғыр-дұңғырдан басымыз ауырады. Лифт шахтасын су алып, қиналған едік. Сол ылғалдан техникалық арқандарды қақ басқан. Жеделсатының ішінде қалып қойған адамдың да шағымы көбейді. Техниканың қолдануға берілгеніне 11 жыл болды. Қазірдің өзінде жаңартуды қажет етеді.

Іске қосылғанына 10 жыл болмаған жеделсатылар бұзылып жатыр. Бұл – бас қаланың жайы. Лифт мамандары одағының президенті Нұрлан Кенжебаевтың айтуынша, тұрғындарды тасымалдап жүргеніне 40 жыл болған техника да бар екен. Бұл – жаға ұстатарлық жағдай. Салада талай жыл еңбек етіп келе жатқан Алексей Гесс бақылауды күшейтіп, нормативтік талаптарды бекіту қажет дейді.

Алексей Гесс, лифт өндіруші компания басшысы:

– Өкінішке қарай, нормативтік құжаттар жоқ. Ол үй иесіне жеделсатыны күтіп ұстаудың шығынын анық білуі үшін қажет. Кешенді жөндеуді қашан жүргізу керек? Оған қанша қаражат кетеді? Мұның бәрін біліп отырғаны жөн. Өйткені, көп жағдайда жеделсаты істен шыққанға дейін бақылау көрмегені анықталады. Дұрысы, 25 жыл көлемінде механизм уақытылы жөнделіп, қажет жабдықтары алмастырылып отыруы қажет.

Елімізде 400 лифт компаниясы бар. Бірақ олардың қызметін ешкім тексермей келген. Бұдан былай нарықта аттестаттаудан өткендері ғана қалады. Тиісті бұйрық дайындалып жатыр.

Алексей Гесс, лифт өндіруші компания басшысы:

– Жүк көтергіш механизмдерді монтаждап, қызмет көрсетуді кез келген адамға сеніп тапсыруға болмайды. Өкінішке қарай, халықтың өзі қызмет көрсету ұйымын таңдаған кезде ең алдымен, бағасына қарайды. Бірақ бағаның неден құралатынын ойлап жатқан адам жоқ. Жалпы, арзан қызмет опа бермейді. Біз аттестаттауды қатты күтіп жүрміз. Одан сүрінбей өткендер сапалы қызмет көрсететін болады.

Жалпы, ел бойынша 17 мың қауіпті лифт бар, 4,5 мыңының тозығы жеткен. Оны жаңғырту жұмыстары «Нұрлы жер»  бағдарламасы аясында жүзеге асады.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

– Жеделсатының ұзақ қызмет көрсетуіне сіз бен біз де мұрындық бола аламыз. Ол үшін қоқыс тастамаңыз. Есікті ашып тұру үшін аяқты тіреу қажет емес. Шақыру түймесін де үздіксіз баса беруге болмайды. Сәл шыдамдылық танытсаңыз, межелі қабатқа жетесіз. Бастысы, қауіпсіз.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Нұрлан Малгельдинов, Дәурен Жұрхабаев

Хабар 24 телеарнасы