429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО-да биыл егінге орақ ерте түсті

  • 568
  • UPD: 22:50, 11.08.2020

Солтүстік Қазақстанда биыл егінге орақ ерте түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған шілде айында аптап ыстық болып, дәнді дақылдардың ерте пісуі себеп. Қазір ризығын жерден терген диқандардың алды сары алтынды қырманға құйып жатыр. Ал оңтүстік өңірдегілер егін орағын аяқтауға жақын. Елдің Батысында мал азығы проблема болып тұр.

Жылдағы науқанға ерте кіріскен астықты аймақтың диқандары дәннің түсімі жаман емес деп отыр. Орта есеппен гектарынан 15-16 центнерден айналып жатыр. Осы айдың 20-нан бастап, шаруалар жаппай егін орағын бастайды. Ал күзгі науқанға өңірге Үкімет тарапынан арзандатылған сұйық отынның 75 мың тоннасы бөлінді. Оның бір литрі  172 теңгеден сатылып жатыр. Ал жыл басынан бері диқандар 33 миллиард теңгеге 1400-ден астам ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған.   

Бектас Бекболатұлы, агроном:

– Жаңбыр кішкене азырақ. Бірақ уақытында болды. Сонымен міне алып, жинап жатырмыз.

Ал Әулиеаталық шаруалар гектарынан орта есеппен 22 центнерден өнім алып жатыр. Биыл өңірде 359 мың гектар жерге масақты дәнді-дақылдар себілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 мың гектарға артық. Қазір оның 96 проценті орылып, қамбаға 777 мың тонна астық жиналды.

Ерлан Құлкеев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Қазір Жуалы ауданы мен Талас ауданы және Шу ауданы қалды. Ауа райының ерекшелігіне байланысты кешірек бастады. Өйткені қанша дегенмен таулы Жуалы ауданы бір 15 күнге кеш бастайды. Орақтың аяғы негізі осы тамыз айының 20-на қарай.

Атырау облысында биыл мал азығы мәселесі өткір тұр. Өңірде шөп тапшы. Мамандар оны қуаңшылықпен байланыстырып отыр. Кейбір  шаруалар бұған ерте қамданған. Қазір қысқа дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Махамбет ауданындағы шаруалар 12 гектар жерге жоңышқа егіп, қазір шабуға кірісті. Соңғы маусымда шаруалар төртінші рет орып үлгерген. Алайда бұл шөпке қазір сұраныс жоғары.

Ақылбек Бекеев, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Люцернді ектік, қиналдық. Люцернді еккенімізге 7 жыл болды. Басында енді қиындықтар болды, бірақ қазір жақсы егіп жатырмыз.

Науқан күзге дейін жалғасады. Шаруалар осы уақытта қажетті мал азығы қорын жеткілікті мөлшерде жинап алса игі.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапапев, Руслан Ахатіллә

 

Хабар 24 телеарнасы