431,68 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шарын шатқалын тікұшақпен шарлағандарға қолданар шара бар ма

  • 195
  • UPD: 23:35, 11.08.2020

Тұмса табиғаты қазақстандықтарды ғана емес, әлем жұртын таңдай қақтырған Шарын шатқалы тікұшақ алаңына айналып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экология белсенділері бүгін осылай деп дабыл қақты. Олар Бір сағаттың ішінде шатқалға өте жақын, тіпті оның ішімен бірнеше тікұшақ ұшады деседі.

Қазақстанның көрікті жерлерінің бірі Шарын шатқалы  бүгінде  туристердің  сүйікті орны. Расында, ғасырлар бойы түзілген бұл шатқалдар көз сүйсінтеді. Бірақ  бұған дейін технология түгілі адам аяғын аңдап басатын жерлер қазір жол таңдамайтын көліктердің орталығы, тіпті  тікұшақ алаңына айналып барады, дейді табиғат жанашырлары.  Олар бірнеше сағаттың өзінде шатқалдың үстінен бірнеше тікұшақтың дамыл таппай ұшып жүргендерін байқаған.

Тимур Елеусізов, эко-амбассадор:

– Әдетте, тікұшақтардан дыбыстық қысым пайда болады, ал ол өз кезегінде құмға кері әсерін тигізеді. Яғни, қатты қысымнан құм өзгеріске ұшырайды.  Дәл осылай тау жыныстары  да бұзылады.  Және ондағы жануарлар әлемі де бұдан зардап шегетіні анық.  Яғни, бірнеше млн жыл бұрын пайда болған құндылықтардан айырылып қалуымыз мүмкін.  

Түрлі туристік компаниялар да,  Шарынды аралап қайтудың  әртүрлі тәсілдерін ұсынып жүр. Қаласаңыз, көрікті жерді  жол таңдамайтын көлікпен немесе тікұшақпен  тамашалай аласыз. Бірақ туризмді әсірелейміз деп, табиғи ескерткіштің  сыйын кетіріп алмайық, дейді эко-амбассадор.

Тимур Елеусізов, эко-амбассадор:

– Әлеуметтік желіні ашсаңыз, ұсыныстың түр-түрі бар. Мысалы, біз  Шарын шатқалының үстінен тікұшақпен бейнебаян түсіріп жүрген жастарды да көрдік.

Осы мәселені көтеріп, Шарын Мемлекеттік Ұлттық табиғи паркіне хабарласқан едік.  Ел мұрасына ие болып отырған парк өкілдері,  шатқал бүлініп жатқан жоқ.  Бірақ  жануарлар әлеміне кері әсерін тигізетін болғандықтан, оның  ішімен ұшуға рұқсат жоқ деп жауап берді.

Бақыт Абдуллаев, Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары:

– Бізде Шарын шатқалында ұшақтарға арналған алаң бар. Сол жерге қонады. Содан әрі астына каньонның жаяу түсіп, одан қайтып шығып, сол ұшаққа отырып ұшып кетеді. Шатқалдың ішінен ұшуға рұқсат жоқ.

Бірақ рұқсатсыз ұшқан  тікұшақтарға  әзірге қолданар шара жоқ, дейді ұлттық парк өкілдері. 

Авторлары: Алуа Маханбет, Нұрдәулет Жақсыбай

Хабар 24 телеарнасы