428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да суқұзғындар майқан балығының популяциясына қауіп төндіріп тұр

  • 342
  • UPD: 23:39, 11.08.2020

Шығыс Қазақстандағы «Марқакөл» қорығында қарауыз секілді майқан балықтарына қауіп төніп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені орта есеппен әр суқұзғыны күніне 700-800 грамм шабақты жеп қояды екен. Осыдан 2-3 жыл бұрын қорық аумағында суқұзғындарының саны 5-6 мыңға дейін жеткен еді. Алдын алу жұмыстарының нәтижесінде қазір олардың саны едәуір азайған.

Марқакөл өңірінің мақтанышына айналған майқан балығының көбеюіне суқұзғындар кедергі келтіруде. Балықтардың уылдырық шашу маусымында қорық қызметкерлері аталған жыртқыш құстың санын азайту үшін профилактикалық жұмыстар жүргізді. Мәселен, оларды ұясына қондырмай, шулы дыбыспен үркіту тәсілін қолданды. Мұндай әдіс нәтижесінде құстың жұмыртқалары тез суып, балапандары сыртқа шыға алмай қалады. Сондай-ақ, орман инспекторлары суқұзғынның жұмыртқаларын тесу амалына да барды.

Тимур Айкенов, «Марқакөл» табиғи қорығының директоры:

– Бакландар ұя салатын жерлерде инспекторлар тапсырма беріп, арнайы үркіту жұмыстары жүргізіліп, соның арқасында қазір баклан саны азаюда.

Табиғи қорық директоры Тимур Айкеновтың айтуынша, майқан балығының көбеюіне залал тимес үшін суқұзғындарды саны реттелетін жан-жануарлар санатына қосу керек.

Тимур Айкенов, «Марқакөл» табиғи қорығының директоры:

– Былтыр тамызда құс саны 5-6 мың болатын, қазіргі таңда 350-400-дей.

Табиғи заңдылық бойынша ұядағы жұмыртқасынан балапан шықпаса, суқұзғын ол жерден ауып кетеді. Мамандардың айтуынша, аталған жыртқыш құстың қаптап кетуіне суқұзғынды аңшыларға атуға рұқсаттың жоқтығы себеп болып отыр. Сондықтан ол саны реттелетін құстардың санатына жатқызылуы керек. Сонда ғана табиғи тепе-теңдік орнап, популяция реттеледі, дейді мамандар.

Авторы: Мирлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы