426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкент маңындағы елді мекендер жандана бастады

  • 377
  • UPD: 11:04, 12.08.2020

Шымкентте қаладан шалғай орналасқан елді мекендерді инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз ету жұмысы жанданып келеді, хабарлайды «Хабар 24».

Шаһардағы Әл-Фараби ауданына бір кездері Түркістан облысының Сайрам ауданынан қосылған 195 және 276-орамдарда таза ауыз су, электр жарығы, көгілдір отын мен жол мәселесі біртіндеп шешімін табуда.

Естеріңізде болса, бұл елді мекенге премьер-министр Асқар Маминнің өзі ат басын бұрып, халықтың шағымына құлақ асқан болатын. «Содан соң сең қозғалды», дейді тұрғындар. Қазірдің өзінде шалғай елді мекенге жарық келіп, халық мәре-сәре күй кешкен.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- 2019 жылдың қазан айында іссапармен Шымкентке келген Үкімет басшысы Асқар Маминге қала маңындағы 195-орамда орналасқан «Бадам» тұрғын үй кешенінің инженерлік инфрақұрылымы мәселесі айтылған болатын. Премьер-министрдің назарына іліккен бұл орамда қазір тіршілік жандана бастаған.

«Бір кездері өркениеттен тыс қалып, шалғай жатқан бұл 195-орамға қазіргідей жан бітерін үш ұйықтасақта, түсімізге кірмейтін», - дейді осы жердің тұрғыны Ережеп. Оның айтуынша, бастапқыда мұнда ары кетсе 10-15 үй ғана болған. Ал қалаға қарағаннан бастап халық та көбейе бастаған. «Ауыз суды амалдап сатып ішіп, жарықты қымбат бағада жағып топырақ жолмен жүйіткіген күндер артта қалуда», дейді қала тұрғыны.

Ережеп Шерматов, қала тұрғыны:

- Осыдан екі жыл тас жол салып берді бұрын. Міне, екі жылдан кейін жарық берді. Ал биылдыққа мына газ, су жүргізіліп болғаннан кейін, бір жылдан кейін асфальт жолмен тротуар жүреді дейді.

Осыған дейін тұрғындар электр жарығын жекеменшіктен 45 теңгеден жағып келіпті. Ол жарықтың өзі жел тұрса жалп ете қалады. «Қуаты тіпті мардымсыз», дейді халық. Ал, кешеден бастап орам тұрғындары мемлекеттік сапалы электр энергиясын тұтынуда.

Сәкен Жүнісов, жарық беруші компанияның инженері:

- Бағана сымдарын қойып бітті. Есептегіш құралдарына дейін қойып кетті. Енді біз абонентке алып, бұлардың барлығына кіргізіп жатырмыз. Бізге өткеннен кейін тоқта кернеу жақсы болады, телевизор, тоңазытқыш жақсы істейді.

Аталған шағын ауданда шағал тас төселіп, жол салу жұмыстары басталған. Ал, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су құбыры тартылып, көгілдір отынмен қамту жайы да қарқынды жүргізілуде. Таза ауыз суды халық жаңа жылға дейін өз үйінде отырып ішетін болады. «Ал, тұрғындар үшін мұнда қоғамдық көлік күз мезгілінен бастап қатынайтын болады», деді ауданға жауапты басшы Ғабит Мәуленқұлов.

Ғабит Мәуленқұлов, Әл-Фараби ауданының әкімі:

- Ауыз су мәселесі өте күрделі болатын. Қазіргі таңда негізгі магистраль жолдарының жұмысы басталып кетті. Осы қазан айында толығымен тапсырылып бітуі керек. Оған мемлекет тарапынан 301 млн теңге қаражат бөлінді. Табиғи газ мәселесі де өзекті болатын. Газ жоқ. Бұл жерде қысым бола ма деп соны зерттедік. Оғанда тиісті қаражаты бөлінді. Мемлекеттен 344 млн теңге бөлінді. 135 орамда биыл судың, электр жарығының, табиғи газдың мәселесі толығымен бітеді.

«Сәуле» шағын ауданындағы 276-орам да шаһарға Сайрам ауданынан қосылған. Бүгінде мұнда 700-ге жуық тұрғын тұрады. Бұл маңда да биылға дейін ауыз су, жарық, жол мәселесі өзекті болып келген. Жуырда бес шақырым жолға шағал тас төселді. Бұдан бөлек, 276-орамды электр жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында демеушілер тарапынан 25 бағана, 2 шақырым сым және қуаттылығы 160 кВт көтеретін трансформатор орнатылып, 150-ге жуық тұрғын үй сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілді. 350 метрге жуық су құбырының қазба жұмыстары жүргізіліп, ауыз су жүйесі тұрғындардың игілігіне пайдалануға беріліп отыр.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы