423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сенат сайлауының қорытындысы 18 тамызда жарияланады

  • 255
  • UPD: 20:53, 12.08.2020

Елімізде Сенат сайлауы өтті. Саяси аламанда 46 үміткер бақ сынады. Осы күні оза шапқандардың есімі де белгілі. Олар кімдер? Дастан Сейілханұлы айтып берсін.

Келді. Тіркелді. Таңдауын жасады. Мәслихаттың 21 депутаты осылай дауыс берді. Бас қаланың атынан аламанда бақ сынаған осы 3 үміткер. Үштіктің үздігін анықтау қиын болмады. Кезінде министр болған Ақылбек Күрішбаев өзгелерін шаң қаптырып кетті. Шетелдік байқаушылар «барлығы әділ өтті» деп жатыр. 

Рашад Маммадов, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі миссиясының басшысы:

- Дауыс беру процесіне бақылау жасадық, ол өте жақсы, ашық өтті. Таңдаушылардың барлығына қолайлы жағдай жасалған.    

Шетелден 5 байқаушы келген. Олар елордада өткен сайлауды ғана бақылады.

Қалған өңірде өрескел заң бұзушылық болмады дегенге бек сенеді. Алматыда аудан әкімі бәйгенің алдын бермеді. Сұлтанбек Мәкежанов жеңіске жетті.

Жанна Асанова, қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы:

- Алматы қаласы бойынша мәслихатта бізде негізі 37 депутат. Оның ішінде қазір 32 депутаттың қазір өкілеттігі бар. 5 орын бос. Сондықтан бізде Сондықтан бізде 32 таңдаушы анықталды. 32 таңдаушының ішінде 30-ы дауыс беруге қатысты бүгін. Бәрі де дауыс берді. Нәтижелерін біз айттық. Негізі соңғы нәтижені ОСК бекітіп, жариялайтын болады. 

Ал Өскеменде әйел адам көмбеден көрінді. Сайлаушылардың түгелі дерлік Ольга Булавкинаға дауыс берген. Бұл өңірде бақ сынаған 4 үміткер болды. 

Жанар Алханова, облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

- Тізімге енгізілген 301 сайлаушының тізімі қолданыстағы заңнамаға сәйкес БАҚ жарияланған. Кіреберісте 10 оператор электрондық  түрде сайлаушыларды тіркейді. Және осы сайлау барысында аралық сайлау қорытындысын шығарып отырды. 

Атырауда саяси додаға түскен 3 бірдей кандидат болды. Бірі - мұнай-газ саласында қызмет қылады, қалғаны жолаушы тасымалдау саласында еңбек етеді. Дауыс берушілер мүдірген жоқ. Үздігін таңдап алды.

Азамат Айманакумов, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Сайлау қорытындылары бойынша арнайы хаттама толтырылды. Және ол орталық сайлау комиссиясына шығарылды. Орталық сайлау комиссиясы мен сенат депутаттығына сайланған үміткердің аты-жөні анықталатын болады. Дауыс беру - эпидемиологиялық жағдайлардың алдын алу бағытында санитарлық талаптарды ұстану негізінде жүргізілді. 

Сайлауға бас-аяғы 46 үміткер қатысты. Солардың 17-сі ғана Сенатқа барады. Сайлау қорытындысы 18 тамызда жарияланбақ.

Өңірлердегі тілшілердің көмегімен дайындаған Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы