425,99 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыда халыққа заңсыз қызмет көрсеткен делдалдар ұсталды

  • 276
  • UPD: 21:01, 12.08.2020

Қарағандыдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында заңсыз қызмет көрсеткен делдалдар ұсталды. Алты бірдей күдікті қала тұрғындарына алдын ала кезек алып беруді ұсынып, мәселені жедел шешіп келген. Бұл қызметтері үшін 20 мыңнан 40 мың теңгеге дейін ақы алған. Енді заң алдында жауап береді. 

Әккі алаяқтардың сәтті жұмыстарының аяқталған кезі бұл. Құжаттар мен көлікті рәсімдеу жұмыстарын бүге-шүгесіне дейін меңгеріп алған бұлар біраз уақыттан бері талайды кезекте сабылтып, өз жіміскі ойларын жүзеге асырып келген.

Сәйкесінше қолдан келгенді қонышынан басып, қомақты қаржы тауып отырған.    

Ерлан Ақылбеков, қалалық ПБ басшысының бірінші орынбасары:

- Ол біздің Қарағандының 6 азаматы. Көмек көрсетіп, адамдарға 20 мыңнан 40 мыңға дейін ақша алып жүрген. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Жезқазған қаласынан келіп, Қарағандыдан көлік сатып алып жүрген Александр Лобанов пысықайлардың жұмысы жайлы естігенін айтады. Бірақ бүгін олар көрінбепті. Әйтпегенде жұмысты тездетіп аяқтап, шалғайдағы қалаға ерте жетіп алмақ болған.

Александр Лобанов, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Жағдайға қарай сонау Жезқазғанға ертерек жетіп алу үшін мына кезекте тұрғанша олардың да көмегіне жүгінуге болар еді. Асығып тұрсаң амал жоқ қой! Адамдар олардың көмегіне жүгінбейтіндей орталықтың қызметін жақсарту керек. Кезекті азайту керек. Әйтпесе мұндайлар әлі де бой көрсететін болады.

Заңсыз ақылы қызмет көрсетушілер әдетте өз клиенттерін мамандандырылған ХҚКО маңында ұстайды. Мысалы, алыстан келгендер қазір онлайн кезек алу керегін білмеуі мүмкін. Осы кезде «іздегенге-сұрағандардың» қызметіне жүгінбеске шара жоқ.

Гүлмира Сүлейменова, «Азаматтарға арналған үкімет» МК ҚОФ директорының орынбасары:

- 1414-ке хабарласып, Егов арқылы видеоассистентпен байланысу керек. Біздің мамандар қалай кезек алып, не істеу керек бойынша толық көмектесетін болады. Бұл қызметтердің барлығы да тегін. Азаматтар ондай көмекке жүгіну арқылы заңсыздыққа баратындарын білгені жөн.

Атап өткен жөн, қолға түскен 6 азаматқа алаяқтық бойынша іс қозғалып, мемлекеттің тегін қызметін саудалағаны үшін 4 жылға дейін бас бостандықтарынан айыру жазасы кесілуі мүмкін.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы