431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жоғарғы оқу орнының түлектері дипломын қолға тигізуге зар болып жүр

  • 237
  • UPD: 20:59, 12.08.2020

Ақтауда жүздеген студент дипломын ала алмай, оқу ғимаратының табалдырығын тоздырып жүр. Бұл осындағы Гуманитарлық-техникалық университеттегі жағдай. Оқу орыны түлектерінің айтуынша, мәселе өткен маусым айынан бері шешілмей келеді. Осының кесірінен көптеген жас табылып тұрған жұмысқа тұра алмаған. 

Оқуын екі ай бұрын бітірсе де қолына диплом тимеген студенттің бірі Қаршыға Аралбай. Бастапқыда ол гуманитарлық-техникалық университеттен соң білімін одан әрі жалғастыруды ойлапты. Алайда қажетті құжат уақытында берілмеген. Ал магистратураға өтініш тапсыру уақыты 19 шілдеде өтіп кетіпті. Енді осының салдары қазір жасап жүрген ұстаздық қызметіне кері әсерін тигізіп жатыр.

Қаршыға Аралбай, университет түлегі:

- Қазір қай магистратураға барсақ та диплом жоқ болғасын қабылдамайды. Олардың уақыты өтіп кеткендіктен біз кешігіп қалдық. Жалпы мұғалім болып жасаймын. Осы қыркүйек айында санатқа тапсыруым керек еді. Бірақ диплом жоқ болғасын ешқандай да санатқа тапсыра алмай қалдым. Мұғалімдер айтып жатыр аккредитация деп. 1-2 аптада шешеміз дейді. Бірақ оны білім министрлігіне жолдаған ешкім жоқ, менің ойымша. 

Көктем дипломын сәтті қорғап шыққан Әбдіғали Кәдірбаевқа жұмыс та табыла кетіпті. Маусымда күткен дипломы күні бүгінге дейін қолына тимей қойды. Ол кірмекші болған кәсіпорынның енді қай уақытқа дейін күтері белгісіз. Жанұя асырап отырған жігіт осыны ойлап уайымдайды.

Әбдіғали Кәдірбаев, университет түлегі:

- Мені қазір де жұмысқа алайын деп тұр. Тек «дипломыңды алып кел» деп тұр. Справкамен қабылдамайды жұмыс орыны. Екі ай болды қазір осы университет табалдырығын тоздырып жүргеніме. Мені алатын жұмыс орыны күтіп отырмайды. Ендігі тағдырым не болатынын енді білмеймін. 

Студенттердің айтуынша, оқуын аяқтаса да дипломын ала алмай жүрген адам саны екі жүзден асады. Осыншама жастың мұңын арқалап, жоғары оқу орнына жүгіндік. Журналистерге сұхбат беруге оқу бөлімінің басшысы келісті. Сөзіне сенсек, аккредиттеу, яғни университеттің білім беру бағдарламаларын немесе  жалпы қызмет сапасын белгілі бір талаптарға сәйкестігін растайтын куәліктің мерзімі біткен. Уақытында берілмеуіне қазіргі пандемия себеп.

Әлия Қонақбаева, гуманитарлық-техникалық университеті оқу бөлімінің басшысы:

- Карантин уақытында біраз қиындық туындады. Бірақ соған қарамастан біз Аккредиттеу агенттігімен 23 сәуірде келісім-шартқа отырдық. Екі бөлімнен тұратын дайындық кезеңінен де өттік. Алайда қазіргі жағдайға байланысты сарапшы мамандар бізге келе алмады. Талаптарға сәйкес онлайн өткізуге болмайды деп айтылды. Қазір мәселе шешілді деуге болады. Комиссия бізге келді. 

Заңға сәйкес аккредиттеуден өтпеген жоғарғы не арнаулы оқу орынына диплом беруге рұқсат жоқ. Әлгі куәлікті осы айда білім министрлігі берген жағдайда Ақтау гуманитарлық-техникалық университетінің қызметі келер жылдың тамызына дейін жалғасады деген сөз. Студенттердің оған дейін шыдамасы анық. Басым көпшілігі «мәселе қыркүйекке дейін шешілмесе, құзырлы органға арыз түсіреміз» деп отыр.   

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы