428,02 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыны көркейту жұмысы ағаштардың болашағына балта шабумен аяқталатын түрі бар

  • 133
  • UPD: 23:25, 12.08.2020

Қаланы көріктендіреміз деп, көкжелекке зиян келтіріп жатқан жоқпыз ба? Осылай деген алматылық белсенділер мен экологтар дабыл қақты. Дәл қазір шаһардың қақ ортасындағы 28-панфиловшы саябағында жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жұмыс барысында  мердігер компанияның  заң бұзғаны анықталған. Бүгін арнайы тексеру тобына біздің тілшілер ілесіп, саябақта болып қайтты. 

Алматыда халық көп жиналатын жердің бірі, осы 28-панфиловшылар саябағы. Қазір мұнда абаттандыру жұмыстары қызу жүруде. Яғни су ағатын арықтар ауыстырылып, жасыл желектерді суару жүйесі қалыпқа келтірілуде. Сондай-ақ саябақты жарықтандыруда қолға алынған.

«Мұның бәрі дұрыс шығар, бірақ  артық қыламын деп тыртық жасап жатқанымыз өкінішті» дейді мамандар. Өйткені саябаққа сән беріп тұрған теректердің тамырына зиян келіпті.

Тимур Елеусізов, эко-амбассадор:

- Бұл жерде қазір көріп отырмыз  мердігер компания 505 және 386-бап бойынша заң бұзып отыр. Талдардың тамырына зақым келген. Бұл 45 жыл бұрын егілген ескі ағаштар. Кез келген сәтте құлап кетуі әбден мүмкін. Жақында қалада осындай жағдай болғанын жақсы білесіздер. Абырой болғанда, көшеде ешкім болмай қалды. Ал бұл жерде қарт кісілер, баласын ерткен аналар жүреді.

Жалпы осы саябақты көркейтуге әу баста 1 миллиард 60 миллион теңге бөлінген. Бірақ белсенділер мен тұрғындар қарсы шыққан соң фонтандар мен балалардың ойын алаңы және жол жиектері сметалық құжаттан алынып тасталған. Қазір мердігер компания 560 миллионға қалған жұмыстарды жүргізуде. Тапсырыс берушілер ұсақ-түйек қателіктерді ескереміз дейді.

Сапар Нұрашев,  жайлы қалалық орта басқармасының басшысы:

- Бұл жұмыс біздің қатаң қадағалауымызда. Өйткені жаңа айтып өттік көп тұрғындар, белсенділер көп назар аударып жатыр осы жобаға. Сондықтан бұл күнделікті қадағалауға алып отырмыз. Қазіргі таңда енді бір заң бұзушылықтар бар енді. Кішкентай ғана. Бір жерде енді бетонды төгіп кеткен екен. Сондай-сондай. Оның бәрін шара қолданамыз.

Тексеру тобының құрамында Жасыл экономика басқармасының мамандары да жүрді. Олар заң бұзылғанын растағанымен тілшілерге сұхбат беруден бас тартты. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компанияға осыған дейін айыппұл салынған екен. Бірақ сол ескертулерді әлі де ескермей отыр.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы