426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда дәрігерлер жүрекке күрделі операцияны сәтті жасады

  • 206
  • UPD: 23:18, 12.08.2020

Оралда облыстық кардиологиялық орталықтың дәрігерлері науқас әйелдің жүрегіне операцияны сәтті жасады. Көп балалы анаға туабітті тұқым қуалайтын Марфан синдромы деген диагноз қойылған. Әдетте мұндай сырқаттар бірден танымал ғылыми-зерттеу орталықтарына жіберіледі. Бұл жолы оралдық ақ халаттылар өздері тәуекелге бел буған. 

Сәбитхан Пернеханов кезекті рет операция үстеліне бара жатыр. Жүректің ишемиялық ауруына шалдыққан науқасқа аортакоронарлық шунттау операциясын жасауы керек. Бітелген күретамырға қан жүргізу үшін сырқаттың өзінен тамыр алып салу қажет. Бұл оңай емес.

Дәрігердің айтуынша, біліммен қоса біліктілікті, асқан төзімділікті талап ететін өте күрделі іс.   

Сәбитхан Пернеханов болашақтың түлегі. Елордадағы медицина академиясын тәмамадаған соң Мәскеу жүрек-қан тамырлары хирургиясы ғылыми-зерттеу орталығында білімін ұштады. 7 жылда ол 2 мыңдай операцияға қатысып, соның төрт жүзін өзі жасапты. Аса күрделі операцияның бірі Анна Голобоваға жасалды. Бес сағаттан соң есін жиған ол бірден сәбиімен телефон арқылы тілдесуге асықты. Өйткені, ол  бөбегін босанғалы бері көрген жоқ. Науқастың жүрегі шыдамайтын болған соң дәрігерлер 7 айлық шақалақты кесар тілігінің көмегімен алған. 

Анна Голобова, емделуші:

- Маған жүктілікті тоқтату керек деген, бірақ келіспедім. Ақыры осы тәсілмен босандырды. Шала туған балам қазір 1 ай болды үйде. Басында демала алмады, қазір  жақсы, салмақ қосып келеді. Күйеуім мен үлкен балаларымның күтімінде. Бұған дейінгі 4 баламды өзім босандым. Ал мына туабітті тұқым қуалайтын Марфан синдромы дегенді естіген кезде қатты қорықтым. Бірақ дерттің аса қатерлі екенін, алайда емдеуге келетінін нақты түсіндірген дәрігерлерге сендім. 

Сәбитхан Пернеханов, кардиохирургиялық бөлімше меңгерушісі:

- Жүкті әйелдердің арасында миллионнан бір ғана жағдай болады. Жедел түрде ота жасау керек болды. Негізі бұл жүкті әйел 23 апталық кезде артериялық қан қысымының көтерілуі арқасында бізге консультацияға келді. Диагностика жасаған кезде аортаның созылғанын байқадық. И босандырғаннан кейін аортаның жыртылғанын байқап, жедел түрде операция жасадық. Себебі бұл жерде бір емес, екі адамның өмірін сақтап қалу болды.  

Дәл осындай операция өңірде осыдан тура 5 жыл бұрын жасалыпты. Ол кезде елордадан дәрігерлер жасағы көмекке келген. Бірақ бұл жолы уақыт тым тығыз болған соң жас дәрігер  жауапкершілікті өз мойнына алуға тәуекел етіпті.

Сәбитхан Пернеханов, кардиохирургиялық бөлімше меңгерушісі:

- Операция бәрі сәтті өтті. Жүректің клапаны мен аортаны ауыстыру. Қазіргі таңда жағдайы өте жақсы. Өзі де үйінде. Қазіргі уақытта біздің күрделі операциялар жасауға мүмкіндігіміз мол, себебі тәжірибеміз де бар. Одан жеткілікті аппараттар бар деп есептейміз, сол аппараттар болғандықтан бізде осындай операцияларға барамыз. Бұл үлкен команданың арқасында осындай операциялар жасалынады. 

Жыл басынан бері облыстық кардиологиялық орталықта жүрекке 115 операция жасалыпты. 17 науқасқа жүрек қақпақшасын протездеу бойынша көмек көрсетілді.

Мамандардың айтуынша, карантин біткен кезде орталықта жоғары технологиялар көмегімен жасалатын мұндай операциялар саны арта түседі.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы,  Руслан Газезов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы