421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкенттің элиталық ауданында жыл басынан бері газ жоқ

  • 156
  • UPD: 21:42, 13.08.2020

Шымкенттегі Қаратау ауданына қарасты «Адия» тұрғын үй кешенінде жыл басынан бері газ жоқ, деп хабарлайды «Хабар».

Шаһардың элиталық ауданы саналатын Shymkent City қалашығында да осындай жағдай. Айта кетерлігі, тұрғындар тапқан-таянғанын жұмсап қол жеткізген бұл үйлердің қабырғасы қақырап, жарылып жатыр.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- Біз тұрған «Адия» тұрғын үй кешенінде өркениет екіге бөлінгендей әсер қалдырады. Мәселен, мына үйлерде көгілдір отын бұрыннан бар. Ал, №16, 17, 18, 19 көп қабатты үйлердің тұрғындары бұларға қызыға әрі қызғана қарайды. Себебі, бұл үйлерде газ беру жайы өзекті мәселе күйінде келеді.

Осы үйде тұратын Мая Бегімбетова – 4 баланың анасы. «Сегіз жыл бойы кезегін күтіп баспанаға қол жеткіздім бе дегенде, алған үйімнің не газы не ыстық суы жоқ», - деп налиды ол. Маяның үлкен ұлы мүмкіндігі шектеулі жандар қатарында. Ал көгілдір отын болмаған соң электр жарығына тәуелділік артып, жаққан қуат көзіне төлемақы көп келеді екен.

Мая Бегімбетова, қала тұрғыны:

- Газ мәселесі сол кездерде екі аптада беріледі деген. Міне, 3 ай болды. Осы айдың 16 күні қосамыз деді. Үйдің құжаттары дұрыс өткізілмеген екен. Дербес шот аштық деген. Ол да ашылмаған екен. Газ мәселесі бізде өте қиын болып тұр. Жарық көп айналып, 13-15 мың келуде.

Жуырда ғана осындағы тұрғындардан бір пысықайлар «газ береміз» деп ақша жинап кеткен. Ал, көгілдір отын сол күйі қосылған жоқ. Сан соғып қалған жұртшылық «мәселемізді жергілікті билікке айтсақ та, тыңдайтын құлақ болмай тұр» дейді.

Шәрипа Әшірбаева, қала тұрғыны:

- Менің қасымда тұратындардың барлығы көп балалы аналар. Әрқайсысында 6-7 бала. Алдында 9 балалы аналар бар. Олардың барлығын жуындырып-шайындыру керек. Ыстық сусыз, газсыз қалай жуындырып-шайындырады? Тамағын қалай дайындап береді?

«Адия» тұрғын үй кешеніндегі проблема бұл ғана емес. «Мұндағы үйлердің сапасы да сын көтермейді», дейді халық. Бұл баспаналар бір кездері «Самұрық Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» компаниясының қаржысына бой көтерген. Көп балалы ана Дилфуза Досметованың да осында көшіп келгеніне көп бола қоймапты. Оның айтуынша, пәтерінің қабырғасы жарылып, сылақтары түсіп жатыр.

Дилфуза Досметова, қала тұрғыны:

- Дуалдары жарылуда. Мына жерлері көтеріліп кеткен. Розеткаға тұсқағаз жапсырылған суперклеймен. Туалеттің де іші жарылып кеткен. Кафельдері сынып жатыр.

Көгілдір отынның азабын Shymkent City қалашығындағы тұрғындар да тартып келеді. Былтыр «Жастар» жылында үйлі болған Ерболат Айнабек баспанасына көшіп келгелі газ жоқ екенін айтады. Ал электр қуаты мұнда жиі сөнеді. Жарық пен газ болмаған күндері халық ас ішуден қалады.

Ерболат Айнабек, қала тұрғыны:

- Осы мемлекеттік бағдарламамен үй алғанбыз. Қазір 6 айдан асты көгілдір отынсыз отырмыз. Бұл жер жаңа үйлер жаңа шағын аудан дегені мен инфрақұрылым жүйелері сын көтермейді. Жарық жиі сөніп қалады. Газсыз отырған халық одан бетер қиналып қалады.

Қазір Қаратау ауданында 28 көп қабатты үйде газ жоқ. Оған себеп көгілдір отынның қысымы жеткіліксіз дейді аудан әкімінің орынбасары Азамат Парманов

Азамат Парманов, Қаратау ауданының әкімі:

- Үйлерге газ қосылмау себебі, қалада газ қысымы төмен. Осыны ескере келе, қаланың ЖКХ басқармасы АГРС-3 подстанциясын соғып жатыр. Оның берілу мерзімі осы жылы қазан-қараша айларында. Сол берілген уақытта осы үйлерге газ қосылатын болады. Ол үйлерге желілер тартылып қойылған. Тек газға қосылса болды. Соған тіреліп тұр ол жерде.

Егер станция дер кезінде іске қосылмаса, тұрғындардың алдағы қысты да көгілдір отынсыз өткізері анық. Ендігі жерде амалы таусылған халыққа тек әліптің артын бағып, күту ғана қалып отыр.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы