432,62 508,50 5.48
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Нұр жолы» кеден бекетіндегі кептеліс 58 шақырымға жетті

  • 391
  • UPD: 22:19, 13.08.2020

Алматы облысы аумағындағы «Нұр жолы» кеден бекетінде ұзын-сонар кептеліс түзіліп, көлік жүргізушілерінің кезек күткеніне бір айдың жүзі болған, деп хабарлайды «Хабар».

Мәселеге облыстық полиция араласқан соң жағдай біршама түзеліп, жүк көліктері қозғала бастады.

Коронавирустың кесірі кеден бекетінеде тиді. Дүниежүзіне тараған пандемияға байланысты Қытай Халық Республикасы басқа елдерден кіретін жүк көліктерінің санын қысқартқан. Нәтижесінде Алматы облысы «Нұр жолы» кеден бекетіндегі кептеліс 58 шақырымға созылып, 2366 жүк көлігі жол бойында тұрып қалған.

Нұржан Битанов, көлік жүргізушісі:

- Менің тұрғаныма біраз күн болды. Бір айға жуық болды. Енді 4-5 күннің ішінде жылжып жатыр. Алдында енді тұрдық бір жерде, сөздің шыны керек. Тұрған жерімізде тұрдық қой осылай.

Элдар Тохтахунов, көлік жүргізушісі:

- Басында жүргізушілерге қиындау жасады. Полиция қызметкерлері қазір келіп, кішкене ретке дайындалдық. Бір аптадай болды, жақсы болып қалды. Тұрғанымызға бір ай болған еді. Қазір полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Жақсы. Жүрісіміз түзеліп, кезекпен кетіп бара жатырмыз.

Ұзын-сонар кептелісті, ептілер тиімді пайдаланып, кейбір көліктерді кезексіз өткізіп отырған. Осындай олқылықтарды көрген соң айлап үй көрмеген жүргізушілер ашу шақырады. Олардың шағымын ескерген жергілікті билік өкілдері жедел штаб құрып, полиция мен шекара және кеден қызметкерлерінен құралған жұмыс тобы жағдайды реттеуге кіріседі.

Жандос Асылбекұлы, Панфилов аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары:

- Осы кезекте тұрған жүк көліктерінің иелері, жүк көліктерінің жүргізушілеріне қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері күндіз-түні патруль жасайды. Оған аудандық полиция бөлімінен 24 полиция қызметкері бөлінген. Алматы облыстық жергілікті полиция қызметінен батальоннан 6 қызметкер бөлінген. Бұлар 24 сағат бойы осы жерде қоғамдық қауіпсіздікті жол қауіпсіздігін, қамтамасыз етіп отыр.

Кейбір көліктерді кезексіз жіберген делдалдар тәртіп бұзғаны үшін тиісті жазаларын алған. Қазір жағдай түзеліп, жүк көліктері жылжи бастапты. Жергілікті әкімшілік жол бойында тұрған жүргізушілерді қажетті азық-түліктермен қамтамасыз етуді қолға алған. Және мамандар көлік иелеріне күнделікті дезинфекциялық жұмыстар жүргізілетінін айтты.

Авторы: Жандос Айтбайұлы

Хабар 24 телеарнасы