429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қапшағай су қоймасында заңсыз балық аулаушылар көбейді

  • 291
  • UPD: 23:38, 13.08.2020

Табиғат қорғаушылары мұны карантин талаптарының жеңілдеуімен байланыстырады, деп хабарлайды «Хабар».

Өйткені аулаған балықты сату да оңай.

Сорақысы, олар тыйым салынған моноталшықтардан жасалған қытайлық ауды қолданады екен. Балық атаулыны баудай түсіретін бұл тор су жәндігінің өсіміне үлкен қатер.

Қапшағай су қоймасы Қазақстандағы ірі су айдынына жатпайды. Дегенмен, балық аулау кәсібі жақсы табыс әкеледі. Жақын маңда сан түрлі базарлары бар ірі мегаполис орналасқан. Көлдің суы үнемі жаңарып тұрады, сондықтан балықтары да сапалы. Ал, жақсы өнімге сұраныс әрдайым көп. Азық қоры мол болғандықтан, балық тез көбейеді.

Браконьерлерді заңды түрде балық аулаушылардан ажырату қиын. Олардың да жақсы моторлы қайықтары бар. Сол маңайдың қалтарыстарында бес саусақтай біледі. Аулаған балықтарын жасырын өткізеді. Одан кейін тауар Алматы базарларына немесе қалаға жақын жердегі балық зауыттарына сатылады.

Ринат Қумашев, облыстық аумақтық инспекцияның бөлім басшысы:

- Бүгінгі рейд кезінде екі азаматты ұстадық. Бірінің балық аулаушы ұйымның қызметкері бола тұра, балық аулауға берілген тиісті құжаты жоқ. Сонымен қатар моноталшықтан жасалған тормен балық аулап жүрген бір адам құрықталды. Осы азаматтарға қатысты әкімшілік іс қозғалып, сотқа жолданады.

Қапшағай су қоймасы 23 участокқа бөлінген. Ол жерде заңды балық аулаумен 15 компания айналысады. Олардың барлығы заң аясында жұмыс істеп, тиісті салығын төлеп тұрады. Тек браконьерлер бірде-бір талапты ескермейді. Әсіресе, тыйым салынған ауды қолданып, табиғатқа орасан зиян келтіруде.

Қытайлық аулар рұқсат етілген капрон торларға қарағанда арзан. Оларды тазалап, жөндеудің қажеті жоқ. Бір-екі рет қолданған соң суға тастап кете береді. Құстар мен жануарлар оралып өліп жатады.

Қытайлық моноталшықты аудың мәселесі бірнеше жылдан бері шешілетін емес. Еуразиялық экономикалық одақ деңгейінде тыйым салынса да, нәтиже болмай тұр. Сатушылар кедендік шектеулердің әлсіз тұсын тауып алыпты. Тек Қапшағай су қоймасында жыл басынан бері табиғат заңдылығын бұзудың 60-тан астам дерегі тіркелген.

Аққанат Хабдай, Қапшағай инспекциясы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы:

- Осы заң бұзушылардан 1 тонна 200-дей килограмм әртүрлі түрдегі балық, 8 дана транспорт құралдары, атап айтсақ, қайықтар және 2800 метрдей ау құралдар тәркіленді. Бір адам жаңағы қылмыстық жазаға тартылды. 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Жеті жылға дейін балық аулауға тыйым салынды. Ол кісінің мемлекетке келтірген залалы 311 мың теңге толығымен мемлекетке төленді.

Мамандар «болашақ ұрпақты да ойласақ» дейді. Сондықтан табиғатқа ерекше қамқорлық жасаған жөн.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Григорий Беденко, Айдар Абдешев

Хабар 24 телеарнасы