429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейлік әскерилер карантин жағдайында дайындықтарын шыңдап жатыр

  • 214
  • UPD: 23:28, 13.08.2020

Елдегі карантиндік шараларға қарамастан, әскерилер өз міндеттерін абыроймен атқаруда, деп хабарлайды «Хабар».

Мысал ретінде «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты жауынгерлерді айтуға болады. Мәселен, Семей гарнизоны саперлік бөлімшелерінің жеке құрамы мамандық бойынша сабақтарды аяқтады.

Бірінші кезекте жеке құрам барлау бойынша теориялық даярлықтан өтті. Ол сыныптық және тактикалық-саптық сабақтар түрінде өткізіледі. Мұнда аспаптар мен инженерлік барлау құралдары зерделенеді. Мәселен, жарылғыш заттарды табуға арналған мина іздегіштер, минасыздандыру жинақтары, оптикалық аспаптар оңай шағылатын жаңғақ емес. Мұның бәрін көңілге тоқыған жауынгер барлау жүргізу кезінде міндетін мүлтіксіз атқарады.

Ардақ Дәулетбаев, инженерлік бұғаттау ротасының сержанты:

- Сапер болу оңай іс емес. Ол шебер, жауапты, қырағы, ал ең бастысы, ұстамды болуы қажет. Біздің міндет – нағыз саперлер мен өз ісінің маманын даярлау.

Барлық әскери даярлық сабақтары қалашықтар мен сыныптардан бөлек полигондарда, дала жағдайында да өткізілді. Ең бастысы, жаңадан келген жас сарбаздардың буынын бекітіп, рухын күшейту. Отан қорғау – ер жігіттің абыройлы міндеті екенін сезіндіру дейді қолбасшылықтағылар.

Мирбек Рақымбеков, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының штаб-сержанты:

- Әскери-медициналық дайындық бойынша жеке құрам жауынгерлері тапсырмаларды 100% үздік деген бағаға орындады. Дене дайындығы жақсы деп бағаланып отыр. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы сарбаздары өз мамандықтарын толық игерген деп сеніммен айта аламын. Енді біз дайындықтың кезекті кезеңіне көшеміз.

Жеке құраммен теориялық сабақтар өткізу барысында да, практикалық жаттығуларда да әлеуметтік арақашықтық сақталып, бетперде кию режимі бұзылған жоқ. Мамандық бойынша даярлық қорытындысынан кейін әскери қызметшілерден сынақ қабылданып, тиісті бағалары қойылды.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы