426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысына қарасты Софиевка ауылында жайылым тарылып барады

  • 240
  • UPD: 14:21, 14.08.2020

«Мал басын көбейтем» дейтін ауылдағы ағайынның қолы ұзармай-ақ қойды, деп хабарлайды «Хабар».

Ақмола облысына қарасты Софиевка ауылында жайылым тарылып барады.

Өйткені әлгі мал жайылатын алқап жекенің басқаруына беріліп, жаңа жер иесі оны саяжай салу үшін өзгелерге сатып жатыр. Ал аудан әкімдігі мән-жайдың басын ашып айтуға асығар емес. Ауыл тұрғындарының өкпе-назын арна тілшісі тыңдап қайтты.

Диктор:

- Софиевка жерлері сатылып кетті дейді. Сол қаншалықты рас?

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Рас екенін өздеріңіз көріп отырсыздар. Міне, мына жерде мал жайылатын, балалар көкпар ойнайтын. Ақмола облысының әкімі келіп неге тексермейді? Астананың түбіндегі ауылда мынадай заңсыздық болып жатыр.

Бұл – Ақмола облысына қарасты Софиевка ауылының жайылымдық жері. Осыдан ай бұрын округ әкімі келіп, тұрғындардың мұнда мал жаюына тыйым салып кеткен. Содан бері онсыз да 4-5 мал ғана ұстап күнелтіп отырған жұрт төрт түлігін далаға шығарудан қалды. Жаздың ортасында қорада ұстап отыр.

Жарқын Омарбекұлы, Софиевка ауылының тұрғыны:

- «Әкім бол, халықпен жақын бол», дейді. Өз бетімен, өз мүддесін ойлайтын болса, оған Қазақстанның тиісті заңдары бар. Қамап қойғанбыз, басқа шара жоқ. Өрістен қуады.

Тұрғындардың айтуынша, мал жайылатын алқап сатылып кеткен. Жерді алған кәсіпкер болса, оны телімге бөліп, тұрғын үй құрылысына 800 мың теңгеден сатып жатыр.

Гүлжанат Шахман, Софиевка ауылының тұрғыны:

- Бізде бүкіл қағазы бар. Сатылған кісінің мөрінде «Софиевский сельский округ» деп жазылып тұр. Сондықтан біз, халық көтерілдік. Бізде көп балалы аналар бар. Жер алмаған. Көп балалар пәтер жалдап тұрып жатыр. Ал бұл жер қалай сатылып кеткен сонда? Егер бизнеске берсе, түсінеміз. Мынау бизнес емес қой, үй ғой кәдімгі.

Жайылымнан айрылып, малын қорада ұстап отырған тұрғындардың естір құлақ болса, айтары көп.

Бауыржан Әлиев, Софиевка ауылының тұрғыны:

- Мына жерде бруцеллез мал көмген жерлер бар. Сол жерлердің бәрін білмейтін адамдарға сатып жатыр. Ертеңгі күні оны біреу тексерсе, қанша еңбек далаға кетеді.

Бұдан кейін ауылдық әкімдікке бардық. Округті басқарып отырған жаңадан сайланған әкім екен.

Дархан Жанайдаров, Софиевка ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы:

- Сатылып кеткендер. Ондайды бірінші рет естіп тұрмын. Оны ауданда, жер телімдерін беру комиссиясы шешеді, бұл мәселені.

Ауылдың бұрынғы әкімімен де хабарластық. Мәселенің анық-қанығын сұрадық. Ол бұл іске еш қатысы жоқ және қазір мемлекеттік қызметте емес екенін айтады.

Эркин Артықов, Софиевка ауылдық округінің бұрынғы әкімі:

- Бұл мәселе өткен жылдан бері қозғалып келеді. Бұл жайылым саяжай құрылысына беріліп, жер телімдері Софиевка ауылдық округінің құзырына өтті. Мәселе жер заңына сай шешімін тапты. Аудандық әкімдіктің арнайы қаулысы шыққан.

Аталған мәселемен аудандық әкімдікке де сұрау салдық. Ондағылар әзірге жауап беруге асығар емес. Жалпы бұл ауылда жайылымнан басқа да мәселе жетерлік. Ауыз су, жарық пен жолдың жайы да халықтың жанына батып тұр.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы